2025 жылы Түркістан қаласында ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылып жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Сол уақыттан бері Қазақстанның түкпір-түкпірінде өткізіліп жатқан науқан Түркістан қаласында да қарқынды түрде жүргізіліп келеді. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында былтыр да, 2025 жылы да ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары атқарылды. Бұл іс-шаралар қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін көтеруге және тарихи-мәдени мұраларды сақтау мақсатында ұйымдастырылып жатыр.
Қала әкімдігінің мәлімдемесіндегі нақты деректер мен көрсеткіштерге сүйенсек, 2025 жылдың сәуірінен бастап Түркістан шаһарында 100-ден аса сенбілік ұйымдастырылыпты. Тиісінше, әрбір сенбілікке 1000-ға жуық адам атсалысуда. Олардың арасында қала тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен жастар көптеп бой көрсетеді.
Тазалық жұмыстарына атсалысушылар соңғы уақыттарда Қ.А.Ясауи кесенесі, «Ханшайым плаза» кешені, Күлтөбе қалашығы, Жеңіс саябағы, Отырар мөлтек ауданы, сондай-ақ Әлқожа ата, Алшын, Дастанов, Накипов, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов көшелері сияқты тарихи және тұрғын аймақтарда «Таза Қазақстан» акциясын іске асырған. Нәтижесінде мыңдаған тонна қоқыс жиналып, жасыл желек көлемі ұлғайып, азаматтардың қоршаған ортаға деген жанашырлық көзқарасы мен жауапкершілігі нығайып келеді.
Мәселен, көктемнің алғашқы күні – «Алғыс айту күні» қарсаңында Түркістан қаласында ауқымды ағаш егу іс-шарасы өтті. «Бекзат» саябағында өткен іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен құқық қорғау органдарының өкілдері, зиялы қауым, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіпкерлер мен қала тұрғындары және белсенді жастар қатысты. Қоғамдық жұмыс барысында 1500 адам тазалық жұмыстарына қатысып, 32 техника жұмысқа тартылып, жалпы көлемі 100 тоннаға жуық қоқыс тазаланды. Сонымен қатар, 5130 түп ағаш көшеті отырғызылып, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Бұл бір ғана іс-шараның көрсеткіші. Жалпы, қала аумағында тазалық, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары үздіксіз атқарылып келе жатыр.
Сонымен бірге, Түркістан қаласында ел арасындағы экологиялық мәдениетті көтеру мақсатында экофестивальдер ұйымдастырылып келеді.