Түркістанда 250 гектар аймаққа көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен инфрақұрылымдық даму және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар бойынша жиын өтті.
Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, коммуналдық мекемелер мен мердігер ұйымдардың өкілдері қатысып, атқарылған жұмыстардың есебі мен алдағы жоспарлар сараланды.
Биыл Түркістан қаласында көгалдандыру жұмыстары 250 гектар аумақты қамтиды. 192 467 дана ағаш пен бұта отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар, 1,2 млн дана гүл егілсе, 10 гектар аумаққа көгал төселіп, декоративті жамылғы орнатылуда.
Жасыл желекті сақтау мақсатында қалада суару инфрақұрылымы жаңартылып, гидрантты және тамшылатып суғару, мотопомпа, насос жүйелері енгізілуде. Әуежай жолы, айналма жол, Коммунизм аумағында су айдағыш құрылғылар орнатылып жатыр.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты бөлімдер мен мекемелерге барлық жұмыстарды сапалы атқарып, егілген жасыл желектерге тұрақты күтім жасау және көгалдандыру жұмыстарын кезең-кезеңімен жүйелі жалғастыруды тапсырды.