Түркістан қаласы аумағында 106 заңсыз құрылыс нысаны анықталған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес, құрылыс жұмыстарын заңдастыру мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №750 бұйрығы негізінде бірқатар құжаттар рәсімделуі қажет. Аталған талаптар орындалмаған жағдайда құрылыс нысандары заңсыз болып танылады.
Осыған байланысты Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов пен Жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Досжанов қала аумағындағы заңсыз құрылыс нысандары мен жер учаскелерін иеліктен шығару және жерді тиімді пайдалану бойынша рейд жүргізді.
Жалпы Түркістан қаласында биылғы жылдың 6 айында заңсыз салынған құрылыстарды анықтау және жою мақсатында 106 нысан бойынша тексеру жұмыстары жүргізілді.
Ал заңсыз жер пайдалану фактілеріне қатысты жүргізілген мониторинг нәтижесінде 91 жер телімі тексеріліп, оның 14-і нысаналы мақсатына сай келмейтіні анықталып, тиісті шаралар қабылданды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 6 нысан меншік иесінің есебінен өз еркімен бұзылса, 3 іс сотқа жолданып, 34 нысан бойынша материалдар қарау кезеңінде тұр. Сонымен қатар, 22 нысанға қатысты шара қолдану мүмкіндігі болмағаны анықталды. Ал 41 нысанға әкімшілік айыппұл салынып, жалпы айыппұл көлемі 4718 АЕК немесе 18 551 176 теңгені құрады.
Сонымен қатар, қала аумағында жүргізілген мониторинг нәтижесінде «Verano» рестораны, «Antalya» мейрамханасы, Б.Саттарханов даңғылы, Н.Төрекұлов көшесі, С.Жарылқапов көшесі, «Тұрмыстық қызмет» ЖШС нысандары және басқа да нысандар бойынша заңбұзушылықтар анықталып, құрылыс нормаларына сәйкес келмеген бөліктері бұзылды.
Қазіргі таңда заңсыз құрылыс жұмыстарын болдырмау, заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және қала аумағын ретке келтіру бойынша жүйелі бақылау мен тұрақты шаралар жалғасуда.