Түркістан қаласы бүгінде еліміздегі газдандыру жұмыстары толық аяқталған қалалардың бірі, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Соңғы жылдары Түркістан қаласының тұрғындары мен нысандарды табиғи газбен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, бүгінге дейін қала аумағы толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары бірнеше кезеңнен тұрды. Мәселен, осыдан он жыл бұрын Түркістан қаласына «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбыры арқылы табиғи газ жеткізу жобасы бастау алған болатын. Ал, 2019–2020 жылдары қалаішілік газ жүйесін тарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілді. Ашық дереккөздердегі ақпараттарға сүйенсек, Түркістан қаласын газдандыру оннан аса кезеңнен тұрған және жиырма миллиард теңгеден аса қаражат жұмсалған. Нәтижесінде 1 180 шақырымнан астам қалаішілік газ құбыры тартылып, Түркістан қаласындағы елу екі мыңнан астам абонент (үй шаруашылығы) газ желісіне қосылған.
Қазіргі жағдай, яғни 2025 жылғы деректерге сүйенсек, қала аумағын табиғи газбен қамту көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Жиырма алты мыңнан астам тұрғын үй табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болған. Одан бөлек, қала аумағында орналасқан барлық әлеуметтік нысандар мен мекемелер де газбен қамтамасыз етілген. Оған қоса орталық қазандық та толықтай газға ауыстырылды.
Аталған жұмыстар әлеуметтік салаға ғана серпін беріп қоймай, экологиялық тұрғыдан да тиімділігін көрсетуде. Мәселен, қалада тұтынылатын қатты отын көлемі қысқарып, ауа тазара түсті. Газбен жылытуға көшу тұрғындардың өмір сапасын арттырып, жобалар аясында мыңдаған адам жұмыспен қамтылды.
Түркістан қаласы бүгінде еліміздегі газдандыру жұмыстары толық аяқталған қалалардың бірі саналады. Бұл Түркістанды экологиялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік тұрғыда жаңа деңгейге көтерді.