Түркістан қаласы тұрғындарының арыз-шағымдары тыңдалды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауы өтті.
Қабылдауға келген 11 азаматтың өтініштері мен ұсыныстары жеке-жеке тыңдалып, мәселелері қаралды.
Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, жол жөндеу, көше жарықтандыру, ауызсу жүйесін жүргізу және өзге де әлеуметтік сипаттағы түйткілдерді қамтыды.
Әзімбек Пазылбекұлы тұрғындар тарапынан қозғалған мәселелерге бейжай қарамай, жедел әрі жүйелі түрде шешу – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін атап өтті. Қабылдау қорытындысы бойынша бірқатар өтініштер сол сәтте шешімін тапса, қалған мәселелерге қатысты зерделеу жүргізіліп, заң аясында тиісті шаралар қабылданатыны айтылды.
Қала әкімі нақты мәселелер бойынша жауапты бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, орындалу барысын қатаң бақылауға алатынын жеткізді.
Айта кетейік, қала әкімінің тұрғындарды жеке қабылдауы әр айдың үшінші сәрсенбісінде, алдын ала бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінде өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы немесе әкімдік жанындағы Азаматтарды қабылдау орталығы — Фронт-офиске келіп тіркелуге болады.