Түркістанда туризмді дамытуға бағытталған гид-экскурсоводтар даярлау бағдарламасы басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында туризм саласындағы қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында арнайы гид-экскурсоводтарды даярлау курсы басталды. Жоба Түркістан қаласының әкімдігі және Туризм басқармасы, Туризм және меймандостық университетінің бастамасымен жүзеге асырылуда.
Аталған бағдарлама аясында қазіргі таңда мәдени-рухани орталық аумағында электрокармен туристерге қызмет көрсетіп жүрген 30-ға жуық жүргізуші кәсіби оқудан өтуде.
Бағдарлама мақсаты — қатысушылардың экскурсия жүргізудің заманауи әдістерін меңгеруіне, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын терең танып-білуіне және кәсіби гид ретінде қажетті дағдыларды дамытуына мүмкіндік беру.
Курс барысында туристермен тиімді коммуникация, бағыттарды таныстыру, қауіпсіздік шаралары және шетелдік қонақтарға қызмет көрсету әдебі — негізгі басым бағыттардың бірі.
Оқу курсы соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталатын болады.
Бұл бастама Түркістанның туристік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің туризм саласындағы кәсіби кадрлар сапасын да жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.