HomeUncategorizedЭлектр желілерінің сапасын арттыру мәселесі қаралды

Электр желілерінің сапасын арттыру мәселесі қаралды

Түркістанда электр желілерінің сапасын арттыру мәселесі қаралды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, құрылымдық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысып, энергетика саласындағы бірқатар мәселелер тыңдалды.

 

Қала тұрғындарын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету және 2025 жылғы инвестициялық жобалардың орындалу барысы бойынша «Оңтүстік Жарық-Транзит» ЖШС-нің Түркістан қалалық электр желілері бөлімінің басшысы Әділбек Мүтәліұлы баяндама жасады.

 

Сала маманының айтуынша, бүгінгі таңда Түркістан қаласының тұтынушылары үшін қосалқы 13 станция, 1408,461 шқ электр желісі, 1669 дана — трансформаторлық қондырғы жұмыс жасайды. Тұтынушылардың жалпы саны — 55157 абонент, есепке алу аспаптарымен 100% қамтылған, оның ішінде: жеке тұлғалар — 52489 абонент, заңды тұлғалар — 2668 абонентті құрайды. Электр желілерінің техникалық жағдайы қанағаттанарлық.

 

Бұл деректер бойынша қала әкімі электр желілерінің жиі істен шығуы, жыл басынан бері тұрғындардан 13 572 өтініш келіп түскені — тек техникалық себептерден ғана емес, ұйымдастыру жұмыстарының жеткіліксіздігінен де туындап отырғанын атап өтті. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіштер бойынша қаладағы электр желілерінің тозу деңгейі 57,3 пайызды құрап отырғанын ескере отырып, нақты шешу механизмін ұсынуды тапсырды.

 

Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы жыл соңына дейін тозған электр желілері мен трансформаторларды толық түгендеп, жаңғырту кестесін әзірлеу, жиі жарық сөніп тұратын аумақтарда техникалық жағдайды сараптап, жүктемелерді теңестіру шараларын қабылдау, ауа райының қолайсыз жағдайларына төтеп бере алатын инженерлік-техникалық шешімдер әзірлеу, сондай-ақ апатты жағдайларда жедел әрекет ететін бригадалардың дайындығын арттыру қажеттігін айтты.

 

Сондай-ақ, жиын барысында инфрақұрылым және коммуникациялар бөлімінің басшысы — Арман Оспан қаладағы электр желілерінің бірқатар техникалық мәселелері мен шешу жолдарына тоқталды. Трансформаторлық подстанциялардағы жүктеме біркелкі бөлінбегендіктен, кей желілердің шамадан тыс жүктелуіне, ал басқаларының толық пайдаланылмауына себеп болуда екенін атап өтті. Осыған байланысты қала әкімі үш ай мерзім ішінде ескі желілерді қайта жобалап, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және жүктеме тепе-теңдігін қамтамасыз ету мақсатында толық талдау жүргізуді тапсырды.

 

Әзімбек Пазылбекұлы: «Түркістан – еліміздің рухани астанасы, ерекше мәртебеге ие қала. Сондықтан электрмен жабдықтау жүйесі сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз болуы тиіс. Барлық тапсырмалардың сапалы әрі уақтылы орындалуы – жеке бақылауымда болады», – деп атап өтті.

 

Ұқсас жазбалар