Түркістан қаласында кезекті аппараттық мәжіліс өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Байдулла Оразбековтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, мемлекеттік мекемелер мен салалық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Күн тәртібінде қаланың әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, этносаралық тұрақтылықты нығайту және тұрғын үй инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы мәселелер қаралды.
Жиын барысында қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары А.Мырзахметов қала аумағындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары, кәмелетке толмағандар арасында және мас күйінде жасалатын құқықбұзушылықтар бойынша нақты деректермен бөлісіп, атқарылып жатқан жұмыстары бойынша баяндама жасады.
Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ш.Тоймаханов этносаралық ахуал тұрақты екенін баяндап, 2024 жылы тіркелген үш этносаралық кикілжіңнің медиация тәртібімен шешілгенін атап өтті. 2025 жылдың басынан мұндай жағдайлар орын алмаған. Сонымен қатар, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп атқарылып жатқан іс-шаралар мен жоспарлары таныстырылды.
ТҮКШ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Т.Үсенбаев 1 және 2 мөлтек аудандардағы көпқабатты тұрғын үйлердің жертөлелерінде жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстары мен инженерлік жүйелерді қалпына келтіру барысы туралы баяндады. Қосымша баяндама жасаған жауапты мекеме өкілдері жұмыстардың кезең-кезеңімен жалғасып жатқанын жеткізді.
Мәжіліс қорытындысында қала әкімі м.а. Б.Оразбеков тиісті бөлімдер мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелер бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.