Түркістан қаласының әкімі Тәуке хан даңғылында жүргізіліп жатқан асфальт жұмыстармен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Тәуке хан даңғылында жүргізіліп жатқан асфальт төсеу және жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының барысымен танысты.
Тәуке хан даңғылында жалпы ұзындығы 5,1 шақырымды құрайтын жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Қазіргі таңда 3,8 шақырым аумақта құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары толық бір апта көлемінде аяқталады деп жоспарлануда.
Жөндеу барысында ескі асфальт жамылғысы арнайы техника арқылы толықтай алынып, оның орнына ірі және ұсақ түйіршікті жаңа асфальт төселуде. Жол сапасы мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары қазіргі заманғы құрылыс стандарттарына сай жүргізілуде.
Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында негізгі даңғылдар бойындағы жол белгілері жаңартылып, қиылыстар мен кірме жолдар да қамтылуда.
Қала әкімі жауапты мердігер мекемелерге жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.