Сыбайлас жемқорлық – кез келген елдің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан дамуына кедергі келтіріп, мемлекеттің әлемдік аренадағы абырой-беделіне дақ түсіретін проблема. Сондай-ақ, халықтың әділдікке, билікке және Ата Заңға деген сенімсіздігін күшейтетін қоғамдық кедергі. Сол себепті бұл мәселемен күреспейтін ел жоқ десек қателеспейміз. Қазақстанда да қоғамның жегі құртына қарсы іс-шаралардың қарқыны бәсеңдеген емес. Атап айтқанда елiмiз 1998 жылы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңды ТМД елдерiнiң iшiнде алғашқы болып қабылдап, 1999 жылы ҚР Президентiнiң Жарлығымен Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттiгi құрылды. Содан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңның талаптарын өз дәрежесінде орындау үшін заңнама ұдайы жетілдіріліп келеді. Ал соңғы жылдары жемқорлыққа тосқауыл қоятын ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.
Айталық, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Атамекен ҰКП «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. Соның арқасында былтыр 55,1 млрд теңге сомаға артық өсудің алды алынып, оның жартысы яғни 26 млрд теңге мемлекет қазынасына қайтарылған.
Сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет кәсіпкерлікті қорғау мақсатында «Бизнеске жол» жобасын жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде 2024 жылы 200 проблема шешіліп, 24 мыңнан астам кәсіпкердің құқығы қорғалған. Одан бөлек, маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды сүйемелдеу бойынша 200-ге жуық нысан бақылауға алынса, ауыл шаруашылығы, көлік және теміржол құрылысы сынды салалардағы қылмыстардың алдын алу үшін «Цифрлық теңге» платформасында «ақшаны бояу» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, залалды өтеу және активтерді қайтару жұмыстарының арқасында 2022 жылдан бері 1 трлн 120 млрд теңгеге жуық мүлік активтері мен қаражат мемлекетке қайтарылған.
Агенттік ақпаратына сүйенсек, 2024 жылы аяқталған істер бойынша 371,2 млрд теңге өтеліп, 28,9 млрд теңгенің мүлкіне тыйым салынған. Қаражат әлеуметтік нысандарды қаржыландыруға бағытталып, нәтижесінде 56 мектеп салынған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл сайын тың тәсілдерді де қолданысқа енгізіп келеді. Мәселен биыл жыл басында агенттік «Заң және тәртіп» қағидаттарын іске асыру шеңберінде қоғам өкілдерінің белсенділігін арттыру үшін жаңа тетік енгізді. Дәлірек айтсақ, жемқорлық фактілері туралы жедел хабарлау үшін Антикор 1424 Whatsapp-чат-ботын іске қосты. Бұл арқылы кез келген азамат жемқорлық деректерін хабарлай алады және салаға қатысты мәселелер бойынша кеңес ала алады. Ол үшін азамат 8 777 000 1424 нөміріне тіркелген WhatsApp-чат-бот арқылы хабарлама жіберсе жеткілікті.
Сондай-ақ, орын алған қылмыс жайында шынайы ақпарат бергендер жемқорлық көлеміне байланысты 15,7 млн теңгеге дейін сыйақыға ие болады. Тағы бір маңызды нәрсе – бұл процесс барысында құпиялылық қатаң сақталады. Сол секілді жалған хабар берген адамдар заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Одан бөлек, Агенттік жұмысының негізгі бағыттарының бірі азаматтармен жедел және тиімді іс-қимылды қамтамасыз ететін Call-орталық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығы тәулік бойы жұмыс істеп, азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, операторлар Агенттіктің қызметі туралы сұрақтарға жауап береді, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер бойынша шағымдарды, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды. Аталған орталыққа былтыр 26 мыңнан астам өтініш түсіп, қылмыстық істердің ашылу деңгейі арта түскен. Бұл орталыққа жеткізілген ақпарат бойынша қандай да бір іс қозғалып, үкім заңды күшіне енген жағдайда, азаматтарға қаржылай сыйақы беріледі. Мысалы, 2024 жылы осы тәсіл арқылы көптеген қылмыс әшкереленіп, жүздеген азаматқа 35 млн теңгеден аса сыйақы тағайындалған.
Агенттіктің ресми деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 67 талдау және мониторинг жүргізіліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 500-ден астам ұсынымдар мен ұсыныстар енгізіліпті. Мемлекеттік сатып алу және қаражатты мақсатты жұмсау бойынша 21,2 млрд теңге көлеміндегі ұтымсыз пайдаланудың алдын алдған және оның 6,4 млн теңгесі бюджетке қайтарылған. 18 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 5 млн теңгеден астам айыппұл салынған. 3 мыңға жуық кәсіпкердің құқықтары қорғалып, 24 проблемалық іс шешімін тапқан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарының іс жүргізуінде 770 қылмыстық іс болып, оның 300-ге жуығы аяқталған. Аяқталған қылмыстық істер мен үкімдер бойынша мемлекетке 15 млрд теңге өтеліпті.
Жалпы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі атқарып жатқан жұмыстардың нәтижесін Қазақстан Республикасының әлемдік рейтингтегі жағдайынан да аңғаруға болады. Атап айтар болсақ, Transparency International деп аталатын «Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі» халықаралық рейтингінде Қазақстанның нәтижелері жақсарған. Агенттік ақпаратына сүйенсек, Қазақстан 2024 жылы сала бойынша 40 ұпай жинақтап, 5 сатыға көтерілген. Осылайша, рейтингтегі 180 елдің арасында 88-орынға жайғасқан. «Бұл — сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралардың арқасында қол жеткізілген жаңа тарихи көрсеткіш», — делінген агенттік ақпаратында. Сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің ішінде ең жоғары позицияны иеленген және рейтингті жақсартқан жалғыз ел – Қазақстан екен. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған «Әділетті әрі жаңа Қазақстанның» көрінісі деп білеміз.
Бауыржан ЕРМАН.