HomeЖаңалықТүркістан облысы экономикалық өсім бойынша көш басына шықты

Түркістан облысы экономикалық өсім бойынша көш басына шықты

Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Жыл басынан бері Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған  жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрады. Осылайша, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан өңірі қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткішімен ел бойынша көш бастады.

 

Өңір экономикасының өсімі, негізінен, тау-кен, өңдеу, уран өндірістері, құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу  есебінен орын алды.

 

5 ай көлемінде Түркістан облысындағы өнеркәсіп өнім көлемі 593,0 млрд. теңгені құрап, 14,8%-ға артты. Бекітілген жоспар 105,5%-ға орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесінде – 280,4 млрд. теңге болса, тау-кен өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 259,6 млрд. теңгені құрады.

 

Ауыл шаруашылығындағы өндірілген өнім бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 194,3 млрд. теңгені құрап, өсім 6,3%-ға артты.    

 

Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд. теңгені құрап, өсім 1,4 есе артты. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 306,1 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 125,5%-ға орындалды.

 

Сауда көлемі 269,7 млрд. теңгені құрап, жоспар 1,6 есе артығымен орындалды.

 

Көлік және қоймалау қызметінің көлемі 209,3 млрд. теңгені құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,4%-ға артқан.

 

Байланыс қызметінің көлемі 4,9 млрд. теңгені құрап, 15,2%-ға артты.

 

Түркістан облысы – тұрақты даму жолындағы мүмкіндігі мол аймақ. Жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жалғасын табады.

Ұқсас жазбалар