QULAGER.KZ. Иран билігі елдің әуе кеңістігін жабу туралы шешімді жергілікті уқыт бойынша жұма күні 14:00-ге дейін ұзартты. Бұл туралы Иранның Азаматтық авиация ұйымының ресми өкілі Махди Рамазани мәлімдеді, деп жазады baq.kz.
— Елдің әуе кеңістігі жұма күні сағат 14:00-ге дейін жабық деп жарияланады, — деді ол.
Бұл шешім Иран мен Израиль арасындағы әскери шиеленістің күрт ушығуына байланысты қабылданып отыр. 13 маусымға қараған түні Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастады. Израиль тарапы Тегеранды жасырын ядролық бағдарлама жүргізіп жатыр деп айыптап, әуе соққылары мен диверсиялық рейдтер арқылы атом нысандары, әскери базалар, әуе қорғаныс жүйелері және зымыран кешендері сияқты стратегиялық объектілерге соққы бергенін мәлімдеді.
Иран өз кезегінде ядролық бағдарламасының бейбіт мақсатта екенін бірнеше мәрте атап өткен. МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси 18 маусымда берген мәлімдемесінде Иранның ядролық қару жасау жұмыстары жүргізіліп жатқанына дәлелдер жоқ екенін айтты.
CNN арнасы да АҚШ барлау деректеріне сілтеме жасап, Иран ядролық қару жасауға нақты ұмтылыс білдірмегенін хабарлады. Алайда Иран тарапынан да жауап қайтарылды. Тегеран зымырандар мен дрондар арқылы Израильдің әскери нысандарына соққы бергенін мәлімдеп отыр.
Қарсы шабуылдар кезінде екі тараптан да бейбіт тұрғындар қаза тауып, тұрғын үйлерге зақым келген.