Түркістан қаласында кәріз жүйелерінің жай-күйі бойынша мердігер мекемелердің қатысуымен лездемелік мәжіліс өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағында жүргізілген кәріз жүйелерінің жай-күйі бойынша мердігер мекемелердің қатысуымен лездемелік мәжіліс өтті.
Жиын барысында қала аумағында жүзеге асырылып жатқан кәріз жүйесіне қатысты бірқатар өзекті мәселелер қозғалып, мердігер мекемелердің есептері тыңдалды. Қала басшысы тарапынан жүргізілген жұмыстардың сапасына байланысты нақты ескертулер жасалып, кеткен кемшіліктерді жою бойынша тапсырмалар берілді.
2020-2025 жылдар аралығында Түркістан қаласында кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды жобалар қолға алынды. Бүгінде жалпы ұзындығы 263,3 шақырымды құрайтын кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте қаланың магистралды желілерінен бөлек, ішкі орам көшелерді қамту да басты назарда. Жобалар аясында қазіргі таңда 5 бірлік КОС, 21 бірлік КНС және 4 бірлік шығын реттегіш құдықтарының құрылысы жоспарланған.
Қазіргі уақытта кәріз жүйесі құрылысы аяқталған 159 көшеде асфальт төсеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Қаланың басты магистралды көшелерінде жөндеу жұмыстары толықтай аяқталуға жақын. Ендігі кезекте абоненттік қосылымдарды тез арада іске асыру арқылы асфальттау жұмыстарын жеделдету көзделіп отыр. Себебі асфальт төселгеннен кейін қайта қазу жұмыстарына жол берілмеуі тиіс. Бұл талап барлық мердігер мекемелерге қатаң ескертілді.
Сонымен қатар, қала әкімдігі тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілген көшелерде жол жамылғысын қалпына келтіру, асфальт салынбаған учаскелерге шағал тас төсеу, абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтау тапсырылды.
Қала әкімі жиын соңында барлық жауапты мекемелерге кәріз жүйесі құрылысына қатысты жұмыстарды үйлестіруді күшейтіп, тұрғындар тарапынан түсіп жатқан шағымдарды дер кезінде шешуді және халықпен тұрақты кері байланыс орнатуды жүктеді.