Түркістанда электр және телекоммуникация желілеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы электр және телекоммуникация желілеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті. Жиынға тиісті сала басшылары мен қызмет көрсетуші мекемелердің өкілдері қатысты.
Жиын барысында Ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Мақсат Батырханов қала басшысының тапсырмасына сәйкес зерделеу жұмыстарының нәтижесі мен кемшіліктерді баяндады.
Зерделеу жұмыстары нәтижесінде, Тәуке хан даңғылы, С.Ерубаев көшесі мен Қуаныш базары маңында жарықшам және бағдаршам бағаналарына рұқсатсыз ілінген сымдардың көбейіп кеткені анықталған. Сонымен қатар, қала секторы аумақтарында ескірген электр және телекоммуникация бағаналары, сондай-ақ рұқсатсыз қойылған трансформаторлар жиі кездеседі.
Әзімбек Пазылбекұлы жауапты «Оңтүстік Жарық Транзит», «Қазақтелеком», «Транстелеком» және басқа да сала басшыларына анықталған кемшіліктерді жедел түрде қалпына келтіріп, қала келбетін ретке келтіру бағытында нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сонымен қатар, алдағы уақытта мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында ведомствоаралық жұмысты күшейту керектігін атап өтті.