Түркістанда қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Шаһар басшысы Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала құрылысы кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Мәжіліске қала әкімінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары Байдулла Оразбеков, сондай-ақ Түркістан қаласы мен облысының жауапты басқарма, бөлім басшылары, сәулетшілер, жобалаушы ұйымдар мен инвесторлар қатысты.
Мәжілісте қала аумағындағы құрылыс және сәулет жобаларына қатысты 12 өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, №29 және №30 блоктарда бой көтеретін 5 қабатты тұрғын үй кешендері, жаңа сауда орталығы, «Алтын дәм» наубайханасы, тағы бір тұрғын үй кешені мен қонақ үй құрылысы, балалар ойын-сауық орталығының жобасы, сондай-ақ KFC брендіне арналған жарнама конструкциясын орнату мәселесі талқыланды.
Сонымен қатар, Қазақ хандары мен Түркі ойшылдарына арналған саябақ жобасы, әлеуметтік дүкенге қатысты ұсыныс және Ж.Майкотов, Қала би, О.Жарылқапов көшелерінің бойын абаттандыру жұмыстары кеңес мүшелерінің назарында болды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша нақты шешімдер мен ұсыныстар қабылданып, қатысушылар тарапынан бірқатар пікірлер мен ұсыныстар талқыланды. Алдағы уақытта қеңес қала дамуы мен сәулеттік келбетін үйлесімді ету мақсатында өз жұмысын қарқынды жалғастырмақ.