Түркістан қаласы әкімінің төрағалығымен құрылыс мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қала аумағындағы заңсыз құрылыс мәселелеріне арналған жиын өтті.
Жиын барысында қалалық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Мұхит Көшенов заңсыз құрылыс нысандарына қатысты атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасап, нақты деректер мен құқықтық негіздерді ұсынды.
Жыл басынан бері қала аумағында 71 нысанның құрылыс талаптарын бұза отырып салынғаны анықталған. Сондай-ақ, нысандардың бір бөлігі рұқсат етілмеген күйде пайдалануға берілген.
Анықталған заң бұзушылықтардың нәтижесінде 21 нысанға әкімшілік айыппұл салынса, 3 нысан бойынша сотқа талап-арыз жолданып, 24 нысанға қатысты іс қаралу сатысында, ал 23 нысан бойынша заң аясында шара қолдану мүмкін болмаған.
Сонымен қатар, Тәукехан даңғылы бойындағы бірнеше нысанға қатысты сот шешімдерінің орындалмауы өзекті мәселе ретінде көтерілді. Жаңа қала аумағындағы №11 көше бойында орналасқан «Верано» мейрамханасының да рұқсат құжаттарынсыз құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқаны анықталды. Сондай-ақ, қала аумағында 7 жекеменшік мектептің құрылысы заңсыз салынып жатқаны тіркелген.
Жиын қорытындысында қала әкімі жауапты сала басшыларына құрылыс саласындағы тәртіпті қатаң бақылауға алып, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, заңсыз құрылысқа жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.