HomeМәдениет«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: Түркістандық өнерпаздар келесі кезеңге өтті

«ӨНЕРЛІ ӨЛКЕ»: Түркістандық өнерпаздар келесі кезеңге өтті

Түркістандықтар «Өнерлі өлке» байқауының келесі кезеңіне жолдама алды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістанда дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі өтті. Мәдениет пен өнерді ұлықтаған бұл шарада Түркістан қаласы мен Шардара ауданы өзара сынға түсті. Қазылар алқасының шешімімен түркістандық өнерпаздар келесі кезеңге жолдама алды.

 

Мерекелік думанды Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы ашып беріп, өнерпаздарға сәттілік тіледі. Шығармашылық ұжымдар көрерменге ұлттық болмыс пен өнердің сан қырын көпке ұсына білді. Олар ақындар айтысы, дәстүрлі терме, ұлттық аспаптар ансамблі, эстрадалық ән, би өнері, вокалды-аспаптық топтар, «Ауылдың алты ауызы» (әжелер ансамблі), салт-дәстүр көріністері сынды жанрлар бойынша бақ сынады. Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі, ауданның жетістіктері мен кітап көрмелері де көпшілік назарына ұсынылды. Осылайша ұлттық рух пен мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Түркістанның төрінде өткен думанды кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

Биылғы фестиваль ережесіне бірқатар өзгерістер енгізілген. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жеребе арқылы жұптасқан аудан-қалалар өзара сынға түсіп, үздіктер келесі айналымға өтеді. Ақтық кезеңде ең үздік өнер ұжымдары анықталатын болады. Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы жанрлық ерекшелік, ұлттық нақыш, сахналық мәдениет пен ұйымдастырушылық деңгей бойынша бағалайды.

 

Фестивальде қазылар құрамында ҚР Мәдениет саласының үздігі, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, ақын, Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» Түркістан облыстық филиалының төрағасы Тұрар Тілеулиев, ҚР Мәдениет қайраткері, композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ оқытушысы Әлімбай Ботақараев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының хореограф маманы Ақниет Әмзехан бар.

 

«Өнерлі өлке» фестивалінің басты мақсаты — ұлттық мәдениет пен халық шығармашылығын дамыту, жас ұрпаққа рухани тәрбие беру, Түркістанның мәдени-туристік әлеуетін арттыру.

 

Айта кетейік, фестиваль Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы және Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мамыр-шілде айлары аралығында өтеді. 13 маусым күні Қазығұрт және Сауран аудандары бақ сынайды.

 

Ұқсас жазбалар