Түркістан қаласының әкімі тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың орындалу барысын тексерді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы 6 секторда тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініш-шағымдарын тыңдаған болатын. Кездесулер барысында жалпы саны 179 мәселе көтеріліп, жеке қабылдауда 73 арыз-өтініш тіркелді.
Бүгін қала басшысы көтерілген мәселелердің орындалу барысымен арнайы танысып, бірқатар тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылым нысандарын аралап шықты.
Атап айтқанда, Жаңа қаланың 11-көшесі №17/2, 9-көшедегі №28/1, №38/2, №38/3, №40/4 тұрғын үй кешендеріне қала әкімі арнайы барды. Құрылыс сапасына қатысты тұрғындар тарапынан айтылған ескертулер бойынша мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Соның ішінде, кейбір үйдің жертөлесіне су кіруін тоқтатып, ішіндегі қоқыстарды шығару, ойын алаңшаларында анықталған ақаулар жөнделіп, Есімхан көшесі жағындағы арықша үстінен көпір орнату тапсырды.
Сондай-ақ, 9-көшедегі №28 мектеп-лицей ауласы да жабайы шөптерден тазартылып, үйлердің қасбеттерін жөндеу, аулалардағы көгалдарды қалпына келтіру, құлаған мраморлар мен брусчаткаларды ауыстыру, жарықшамдарды ретке келтіру, сондай-ақ өртке қарсы дыбыстық дабыл қаққыштарды орнату жұмыстары осы аптада басталатын болады.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әрбір көтерілген мәселенің шешілу барысы тұрақты бақылауда болады.