Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – Болгария» бизнес-форумына белсене қатысқаны үшін Румен Радевке және болгар кәсіпкерлеріне алғыс айтты. Мемлекет басшысы аталған іс-шара екі елдің экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– Президент Радевтің Қазақстанға жасаған ресми сапары стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. Бұл – біздің ортақ өркендеу жолындағы ықпалдастығымызға қозғау салады. Отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Болгария арасында берік әрі өзара құрметке негізделген саяси және дипломатиялық қарым-қатынас орнады. Қазақстан Болгарияны достас ел әрі өте маңызды стратегиялық серіктес санайды. Дегенмен сауда-инвестициялық ынтымақтастықта пайдаланылмаған әлеует жеткілікті. Екі ел арасындағы байланысты жандандыруда Қазақстан-Болгария экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы маңызды алаңға айналады деп санаймыз, – деді Қазақстан Президенті.