Түркістан қаласының әкімі қаладағы 6 секторда тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, проблемалармен танысқан, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Өткен аптада Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қаладағы 6 секторда тұрғындармен ашық кездесулер өткізіп, азаматтардың өтініш-шағымдарын тыңдаған болатын. Кездесулер барысында жалпы саны 179 мәселе көтеріліп, жеке қабылдауда 73 арыз-өтініш тіркелді.
Бүгін қала басшысы көтерілген мәселелердің орындалу барысымен арнайы танысып, бірқатар тұрғын үйлер мен қала инфрақұрылым нысандарын аралап шықты.
Атап айтқанда, 11 көшедегі 18 пәтерлі тұрғын үй кешені, А.Мендерес көшесіндегі 20 қабатты тұрғын үй, Отырар мөлтек ауданындағы 32 пәтерлі тұрғын үй, Ш.Дүрия және Дулыға батыр көшелеріндегі жол мәселелері, Қарашық көшесіндегі балалар ойын алаңшасы, Жангелдин және Бокина көшелеріндегі инфрақұрылым жағдайы.
Тұрғындармен қайта жүздесіп, көтерілген мәселелерді көзбен көріп, мердігер мекемелер мен жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Көтерілген мәселелердің қатарында жертөлеге су кетіп жатқаны анықталып, шұғыл түрде ретке келтіру тапсырылды. Тұрғын үйлердің сыртқы қасбетіндегі анықталған кемшіліктерді жөндеп, пандус пен лифт мәселесін шешу – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы орта қалыптастыру міндеті қойылды. Балалар ойын алаңы қалпына келтіріліп, сервистік компаниялардың жұмысы бойынша тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болды.
Сонымен қатар техникалық тексеру жұмыстары тағайындалып, қоғамдық көлік бағыттары бойынша ұсыныстар жинақталуда. Дулыға батыр көшесіне он күн ішінде толық асфальт жабындысы төселеді. Қарашық көшесіндегі балалар алаңшасының төбесі жабылады. Учаскелік полиция қызметкерлеріне қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау жөнінде нақты міндеттер жүктелді.
Жангелдин көшесіне демалыс орындықтары орнатылып, электр және интернет бағаналарын ауыстыру мен аяқ жол салу жұмыстары жүргізілмек. Бокина көшесіндегі тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, көгалдандыру және ағаштарды бұтау жұмыстары да бақылауға алынды.
Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әрбір көтерілген мәселенің шешілу барысы тұрақты бақылауда болады.