Нұралхан Көшеров Түркістанда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облысында инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жай-күйіне кезекті рет шолу жасап, жауапты басшылардың есептері мен ұсыныстарын тыңдады.
Өңір басшысына Қабанбай батыр ескерткіші аумағын ретке келтіружобасы таныстырылды. Жоспар бойынша осы аумақта шахмат алаңы, аяқжол, орындықтар мен урналар, қоршау орнату көзделген. Сонымен бірге көгалдандыру жұмыстары күшейтілмек.
Түркістан – бүгінде ірі туристік орталыққа айналып келеді. Сондықтан теміржол бойында да тұрғындарға, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Осы ретте Түркістан теміржолы бойында екі жолаушылар көпірі салынып жатыр. Облыс әкімі солардың бірінде болып, құрылыстың сапасын бақылалды. Мердігер мен техникалық қадағалаушыға сын-ескертпе айтып, жұмыс сапасын жақсартуды тапсырды.
Жауапты басшыларға осы құрылысты қадағалап, талапқа сай етуді міндеттеді. Аталған көпірлердің біреуінің ұзындығы 117 метр болса, екіншісінің ұзындығы 46 метр болады деп жоспарланған. Құрылысты биыл аяқтап, нысанды ел игілігіне тапсыру көзделіп отыр. Қаржысы бөлінген.