Әзімбек Пазылбекұлы Отырар секторының тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес Түркістан қаласының әкімі секторларда халықпен көшпелі кездесулер өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдады.
Отырар секторында қорытындыланған кездесуде қала басшысы тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешілу барысы мен алда жоспарланған жұмыстар туралы баяндады.
«Отырар секторы – қаланың қарқынды дамып келе жатқан аумақтарының бірі, сондықтан бұл аймақтағы инфрақұрылымдық, әлеуметтік және қоғамдық мәселелер әрқашан басты назарда» -деді Әзімбек Пазылбекұлы.
Қазіргі таңда Отырар секторында инфрақұрылымдық жобалар жүйелі түрде іске асырылуда. Атап айтқанда, «Отырар-2» кәріз жүйесінің құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталады деп жоспарланса, «Отырар-3» кәріз жүйесі 2026 жылдың желтоқсанына дейін пайдалануға берілмек.
Электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша биыл екі нысанның құрылысы басталып, нәтижесінде 3 200-ден астам абонент сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.
Абаттандыру бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Р.Дастанова көшесі мен айналма тас жол бойында екі жаңа ойын алаңының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, сектор аумағындағы 99 ойын алаңы жөндеуден өтіп, техникалық қызмет көрсету жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
Қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында биыл жыл соңына дейін Отырар секторында 35 бейнебақылау камерасы орнатылады.
Сондай-ақ, бүгінгі таңда Отырар секторына қарасты 14 әлеуметтік дүкен жұмыс істеп, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары жеңілдетілген бағамен ұсынылуда.
Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар өз мәселелерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Кездесу соңында қала басшысы тұрғындарға жеке қабылдау өткізіп, арыз-шағымын тыңдап, бірқатар мәселелерін шешті.