Түркістан облысында өткен поэзия кешінде облыстық мүшәйра жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен Сауран ауданындағы тау баурайында «ТҮН. ТАБИҒАТ. ПОЭЗИЯ» атты әдеби поэзиялық кеш өтті.
«Түнгі кітапхана» жобасы аясында өткізілген әдеби кеште «Жауһар жырдың жаршылары» жазба ақындарының мүшәйрасы қорытындыланды. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы және «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен мүшәйра мақсаты – Түркістанның мәртебесін асқақтатып, оның рухани құндылығын дәріптеуге, жас ақындардың шығармашылығын қолдап, қазақ поэзиясының дамуына үлес қосу.
Жұлдыздар аллеясында өткен кеште Түркістан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы сөз алып, шараның рухани мәні мен тәрбиелік маңызына тоқталды. Жиын барысында қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен кітапхана ұжымының атынан жылы лебіздер айтылды.
Журналист, сазгер, профессор Бекжігіт Сердәлі, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Айдар Сейдазым, ақын Сайлаухан Жоланов, «Фараб» ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардабекова және Ұлжан Мұстафаева, Роза Нарымбетова, Тельман Бейсен, Несіпкүл Өтебаева бастаған өзге де зиялы қауым өкілдері қатысып, жастар шығармашылығына қолдау білдірді. Кештің негізгі бөлігі облыстық жазба ақындар мүшәйрасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен жалғасты. Сонан соң үздік туындылар оқылып, ән шырқалды.
Қазылар алқасының шешімімен Әбілда Аймақ атындағы номинация Нарбай Бекжұманға, Қаныбек Сарыбаев атындағы номинация Ердәулет Бухарбайға, Есенғали Раушанов атындағы номинация Дәурен Тілеуханға, Аманхан Әлім атындағы номинация Арқалық Әмәлиятқа, Мархабат Байғұт атындағы номинация Сезім Мергенбайға 50 000 теңге сыйақысымен табысталды. «Үздік үштік» қатарында 1-ші орынды Мұқағали Кенжетайұлы иеленіп, 700 000 теңге сыйақы табысталды. Ал 2-ші орын Аман Сабыржанға (500 000 теңге) бұйырды. 3-ші орын иегері Арайлым Мұраталиева деп танылып, 300 000 теңге сыйақы табысталды.
Іс-шара барысында шығармашылықты дамытуға бағытталған «Мені тап» ойыны, топтық ақындар сайысы және еркін поэзия форматы бойынша бірнеше интерактивті бөлімдер ұйымдастырылды. Бұл кезеңдерде қатысушылар әдеби білімдерін, тапқырлықтарын және поэзияға деген қызығушылықтарын көрсете білді.
«Түн. Табиғат. Поэзия» атты кеш жастарды әдебиетке баулу жолында маңызы зор мәдени іс-шара болды. Табиғаттың тылсым түнгі көрінісі мен көркем жырлар үйлесім тауып, поэзияның қуатын сезінуге мүмкіндік берді. Кешке қатысқан зиялы қауым мен жас қаламгерлер өзара пікір алмасып, рухани байып қайтты. Бұл кеш – «Түнгі кітапхана» жобасының аясында ұйымдастырылып отырған тұрақты әдеби үрдістердің бірі ретінде есте қалатыны сөзсіз.