HomeҚоғамТүркістанда 60-қа жуық тұрғын үй салынып жатыр

Түркістанда 60-қа жуық тұрғын үй салынып жатыр

Түркістан қаласында тұрғын үй құрылысы күн сайын қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Қазіргі таңда қала аумағында жалпы саны 57 тұрғын үй салынып жатыр. Оның 42-сі – кредиттік негізде, 15-і – әлеуметтік бағытта бой көтереді.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты. Аралау барысында қала басшысы тұрғын үй кешендерінің құрылыс сапасына аса мән беріп, жауаптыларға біршама міндеттер жүктеді.

«Құрылысы жүріп жатқан әрбір үйдің сапасына және қауіпсіздігіне баса мән беруіміз қажет. Бұл қала халқының тұрмысы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді. Құрылыс жұмыстары бәсеңдемеуі тиіс», – деді қала әкімі.

Бүгінде «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Бұл кешен алдағы уақытта заманауи талаптарға сай жаңа шағын аудан ретінде тұрғындарға ұсынылмақ. Кешенде 11 үйдің құрылысы басталған. Оның төртеуі жаз маусымында, қалған жетеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Ал «Отырар» шағын ауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты тұрғын үйлер көп ұзамай пайдалануға беріледі. Аумағы – 11,4 гектар, 800 пәтерден тұратын 20 тұрғын үйдің құрылысын «Project Building» ЖШС жобалаған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталды.

Ұқсас жазбалар