Бүгін Түркістан қаласына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықбаев жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Іс-сапар аясында кеңесші қаланың 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындығын пысықтап, «Жылу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Кәсіпорын 2009 жылдан бері қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылу энергиясымен қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі таңда 18 қазандық бөлімшеде 77 дана қазанмен және жалпы ұзындығы 56,243 шақырымды құрайтын жылу жүйесімен жұмыс жүргізілуде. Барлығы 223 көпқабатты тұрғын үй, 18 бюджеттік мекеме, 55 кәсіпкерлік нысан және 36 жеке үй орталық жылумен қамтылған.
Қысқы маусымда кәсіпорын 116 штаттық бірлікпен, жаз мезгілінде 32 қызметкермен жұмыс істейді. Барлық жүйелер табиғи газ негізінде жұмыс істеп, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-мен келісім негізінде көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Маусымаралық уақытта барлық жүйелерде қысымдау және шаю жұмыстары толық көлемде орындалған.
Іс-сапар барысында Ермек Боранбайұлы қаланың инвестициялық әлеуетіне де ерекше назар аударды. Кеңесші «TURAN» арнайы экономикалық аймағына барып, онда жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жұмыстармен, инвесторларға ұсынылып отырған жеңілдіктермен және іске асырылып жатқан жобалармен танысты.
Сапар соңында ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ермек Маржықбаев Түркістан қаласындағы жылу жүйесінің тұрақты жұмысына және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу деңгейіне оң бағасын беріп, өңірдің одан әрі даму барысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті.