Түркістан қаласының әкімі құрылыс нысандарын аралады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының қарқыныменмен танысты.
Қала басшысы Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болып, сапасы мен уақытылы тапсырылуын қадағалады. Нысандарды 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру көзделіп отыр.
Қаладағы құрылысы жүріп жатқан тағы бір үлкен жобалардың бірі – көпфункционалды кешен – ипподром. Ипподром аумағында 1500 орындық ашық трибуна, 120 орындық жабық манеж,Жаттығу алаңдары, 100 жылқыға арналған атқоралар, Ветеринарлық блок, Левадалар, Поддок, жазғы денниктер, шөп қоймасы, суару үшін бірінші және екінші көтерілімді сорғылармен жабдықталған ұңғымалар сынды арнайы орындар қамтылатын болады.
Сонымен қатар, Отырар шағын ауданында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 20 тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Жоба жалпы 11,4 гектар аумақты қамтиды. 800 пәтерден тұратын тұрғын үйлердің құрылысын «Project Building» ЖШС жобалаған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85 пайызы аяқталған.
Қаламыздағы тағы бір маңызды нысандардың бірі — әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан мешіт. Мешіттің құрылыс алаңы 4,2 гектарды құрайды. Қазіргі таңда ішкі әрлеу, сырлау, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, қала әкімі маңызды нысандардың бірі – Мәдениет үйінің құрылысын аралады. Бұл нысан тұрғындардың рухани-мәдени сұранысын қанағаттандыру мақсатында салынуда. Жоба бойынша Мәдениет үйінде 500 орындық көрермен залы, көрме және хореография залдары, үйірме бөлмелері қарастырылған. Қазіргі таңда ғимараттың сыртқы құрылымы толық аяқталып, ішкі әрлеу және инженерлік желілерді орнату жұмыстары жүргізілуде.