Түркістанда жол сапасын сақтау және жасыл желекті күту жұмыстары жаңа технология арқылы жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласында коммуналдық қызметтердің жұмысы жаңа технологияларды қолдану арқылы жанданып келеді. Қазіргі таңда қалада ауа аэрациясы әдісімен жол жамылғыларын суару жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Аэрация – жоғары температура кезінде асфальт жамылғыларының қызып кетуін болдырмауға бағытталған тиімді әдіс. Бұл тәсіл +30°C-тан жоғары температура жиі тіркелетін елдерде кеңінен қолданылады. Түркістанда бұл әдіс орталық көшелер мен үлкен магистралдарды суыту үшін енгізілген.
Мамандардың айтуынша, аэрация арқылы жол төсемелерінің қызып, еріп, бүлінуінің алдын алуға болады. Жоғары температура асфальт құрылымына кері әсер етіп, оның ерте тозуына себеп болуы мүмкін. Ал аэрация, керісінше, жолдың сапасын ұзақ мерзімге сақтап, күтім шығындарын азайтады.
Сонымен қатар, бұл әдіс жол бойындағы гүлзарлар мен жасыл белдеулерге де оң әсер етеді. Су тамшылары арқылы өсімдіктерге қажетті ылғал жеткізіліп, ыстық күндері жасыл желектердің күйіп кетуінің алдын алады.
Қазіргі уақытта Түркістанда аэрация жұмыстары күнделікті екі мезгілде – таңертең және кешкі уақытта – жүзеге асырылуда. Жұмыстар арнайы техника мен бүріккіш құрылғылар арқылы орындалады.