«Шым қала жәдігерлері» экспозиция залы ашылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Шымкент қаласының музейлер бірлестігіне қарасты «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінде 18 мамыр — Халықаралық музейлер күніне арналған «Тарих қойнауындағы Шым қала» атты іс-шара өтті. Жиынға музей ісіне қатысы бар мәдениет саласының мамандары, өнертанушылар, тарихшылар, археологтар, өлкетанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Шараны Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары М.Оңдасынова сөз сөйлеп ашты. Мөлдір Убайдуллақызы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені қазіргі таңда қаламыздың тереңнен тартқан тарихын айшықтап қана қоймай, қазіргі таңда көне шаһардың туристік келбеті мен әлеуетін арттырып, туристік паспортына айналып отырғанын тілге тиек етті. Басқарма басшысының сөзінше, кешеннің жаңарып қайта ашылып отырған «Шым қала жәдігерлері» экспозиция залында бұрын-соңды келушілер назарына ұсынылмаған, 2017-2020 жылдары Шымкент қалажұртында жүргізілген қазба кезінде табылған жәдігерлермен қоса, биылғы 2025 жылғы қазбалардан алынған керамика бұйымдары көрініс тапқан. Бүгінгі шараның жаңалығы да осы болып отыр.
Жиынға осы Шымкент қалажұрты аумағында археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан, т.ғ.к., мәдениет саласының ардагері А.Н.Грищенко, т.ғ.к., доцент, М. Әуезов атындағы ОҚУ «Рухани жаңғыру» және «Қазақстан халық ассамблеясы орталығының» басшысы Г.Ә.Жанысбекова, «Желтоқсан ақиқаты» ПҚ РҚБ Шымкент ҚФ төрағасы Г.Б.Оспанова, д.ғ.к., доцент А.А.Жиенбекова және өзге де ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысып, өз ойларын ортаға салды.
Шара барысында келушілерге «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің экспозиция залдарымен таныстырылып, кешеннің «Қарахан тұрғын үй кешені», «Ұстахана» экспозиция залы аумағында этнографиялық бағыттағы «Келі-келсап түю тарихы», «Құрақ көрпе құрау» және «Садақ ату» шеберлік сағаттары өткізілді. Сондай-ақ, шара қонақтарының назарына «Шымкент қалалық музейлер бірлестігі» МКҚК бөлімдері, музейлері туралы бейнежазба көрсетілімі көрсетілді.
«Халықаралық музейлер күніне» орай жасалып отырған шараның басты жаңалығы – «Шым қала жәдігерлері» залының ашылуы болды. Өйткені, бұл көрме залында Шымкент қалажұрты мен қазіргі қала аумағына қарасты өңірден табылған көне жәдігерлер, археологиялық экспонаттар көрініс тапқан. Олардың қатарында 2017-2020 жылдары Шымкент қалажұртында жүргізілген қазба кезінде табылған жәдігерлер және биылғы 2025 жылғы «Бозарық» индустриялық аймағындағы қазбалардан алынған керамика бұйымдары бар.
Бұл туралы экскурсия жүргізген археолог маман Ж.Сүлейменова:
– Қазіргі таңда аталған жалпы саны 16 обаны құрайтын археология ескерткіштерінде зерттеу жұмыстары аяқталды. Алдын-ала қорытындыға қарасақ, мамандар ескерткіштердің денін б.з.д. V ғасырлардан бастап, б.з. V ғасырлары арасына жатқызып отыр. Қазба жүргізген археологтар табылған жәдігерлерді «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің қорына өткізген. Табылған керамика және металл материалдардан жасалған жәдігерлерді мамандар 3 топқа бөліп, мерзімделуіне қарай б.з.д. V-ІІ ғасырларға, б.з.д. ІІ- б.з. І ғасырларына және б.з. І-V ғасырларына топтастырып отыр, — деп таныстырылым жасады.
Ал, «Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің меңгерушісі А.Советов::
– «Халықаралық музейлер күніне» орай ашылып отырған басты шара – «Шым қала жәдігерлері» көрме залы болып отыр. Мұнда 2017-2020 жылғы кешенді археологиялық қазба жұмыстары кезінде осы «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағынан табылған жәдігерлер, қалаға қарасты территориядағы тарих және мәдениет ескерткіштері жайлы мәліметтер, фотосуреттер, экспонаттар және қаланың археологиялық зерттелу ісіне үлес қосқан ғалымдар туралы деректер қамтылған. Сондай-ақ, «Хауыз» маңындағы алаңқайға ХІХ ғасырдан жеткен зеңбіректерді қойып, лапет қондырғыларымен жасақтап, келушілердің назарына ұсынып отырмыз. Енді бізде «Зеңбіректер алаңқайы» да пайда болды. Мұндай арнайы жасақталған алаңқай еліміздің өзге өлкетану музейлерінде жоқ, — деп сөзін сабақтады.
Кәсіби мереке күніне орай өткен «Музей түні» шарасында елімізге танымал әнші Қ.Түнтеков «Жерасты музейі» экспозиция залында экскурсия жүргізіп, келушілерге қызмет етті, естелік фотосуретке түсті. Сондай-ақ, қалалық мәдениет басқармасы басшылығы атынан басшы орынбасары М.Оңдасынованың, Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің директоры Ж.Құрбанның және өзге де қоғамдық ұйымдар өкілдері басшыларының қолынан өз саласында еңбегі еленген музей қызметкерлері алғыс хаттар алып, мерейі таси түсті. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, жиынға келушілер «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері мен «Қазына» би ансамблінің өнерін тамашалады.
Айта кетсек, 18 мамыр күнін «Халықаралық музейлер күні» деп 1977 жылы Музейлердің халықаралық кеңесі (International Council of Museums) тарабынан белгіленіп, жыл сайын атап өтіліп келеді. Ал, «Шым қала» тарихи-мәдени кешені аумағында 2003-2020 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде Ескі қалашықты ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары жүргізілген болатын. Соның нәтижесінде 2021 жылдың 1- мамырында «Шым қала» тарихи-мәдени кешені деген атаумен келушілерге өз есігін ашқан болатын.