HomeҚоғамТүркістан қаласының әкімі тыл ардагерлерін құттықтады

Түркістан қаласының әкімі тыл ардагерлерін құттықтады

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ұлы Жеңіс күніне орай тыл ардагерлерін құттықтады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ұлы Жеңіс күніне орай тыл ардагерлері Елтай Бимаханбетұлы, Иреспек Хаджиддинов және Карима Нурмухамедованы арнайы құттықтады. Ардагерлерге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жеңіс күніне орай жолдаған құттықтау хатын және «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін салтанатты түрде табыс етті.

Кездесу барысында қала әкімі бейбіт өмір мен келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің ерлігі мен жанқиярлық еңбегі – ел жадында мәңгі сақталатынын атап өтті. Ардагерлерге шын жүректен ұзақ өмір, зор денсаулық тілеп, арнайы сый-сияпаттар жасады.

Өз кезегінде ардагерлер де көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.

Айта кетейік, Ұлы Жеңіс күніне орай Түркістан қаласында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне, сондай-ақ олардың отбасыларына әлеуметтік қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қала бойынша 255 тыл еңбеккері мен 9 Ұлы Отан соғысының мүгедектігі бар ардагерінің екінші рет некеге тұрмаған жұбайына біржолғы әлеуметтік көмек төленді.

Ресми деректерге сүйенсек, Ұлы Отан соғысы жылдары Түркістан қаласынан 20 мыңнан астам азамат майданға аттанған. Олардың 12 мыңнан астамы елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде ел игілігі үшін аянбай еңбек етті. Жауынгерлік ерлігімен көзге түскен 7 түркістандыққа Совет Одағының Батыры атағы берілген.

Ардагерлеріміздің ерен еңбегі мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі – бүгінгі ұрпақ үшін баға жетпес рухани мұра. Ұлы Жеңіс – тек бір күннің емес, мәңгілік тағзым мен құрметтің хсимволы болып қала береді.

Ұқсас жазбалар