Түркістандық шахматшы республикалық чемпионаттың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Алматы қаласында 20 жасқа дейінгі жастар арасында шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Ауқымды турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам жас шахматшы қатысып, ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалы мен Азия чемпионатына жолдама үшін бақ сынасты.
Жарыс швейцар жүйесі бойынша 9 турдан тұрды және 60 минут + 30 секундтық уақыт форматы бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылардың әрқайсысы шеберлігі мен ойлау жылдамдығын ортаға салып, тартысты бәсекеде өз мүмкіндіктерін көрсетті.
Аталған жарыста Түркістан қалалық Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының намысын қорғаған шахматшы Әсия Асылхан жоғары деңгейде ойын көрсетіп, 1-орынды жеңіп алды. Осылайша, ол 2025 жылғы 20 мамыр мен 2 шілде аралығында өтетін ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының финалына қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Айта кету керек, Әсия Асылхан – Түркістан облысы тарихында шахмат спортынан спорт шебері атанған алғашқы жас спортшы. Бұл жетістік – тек жеке табыс қана емес, бүкіл өңірдегі шахмат спортының даму қарқынын айқындайтын айтулы көрсеткіш.