Түркістан қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Бүгін Түркістан қаласы әкімдігі мен қалалық прокуратураның бірлесе ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, жастар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы салтанатты түрде ашып, қатысушыларды Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтады.
— Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – тек мереке емес, ұрпақтың парызы мен тарихи жадының нышаны. Тарихы терең Түркістан үшін айтулы күнді жастардың санасына сіңдіріп, отансүйгіштікке, бейбітшілікті бағалауға, батыр бабалар жолын ұмытпауға тәрбиелеуіміз керек. Біз үшін әрбіріңіздің алар орындарыңыз бөлек, мәртебелеріңіз биік, — деді қала әкімі өз сөзінде.
Бүгінде Түркістан қаласында 255 тыл ардагері тұрып жатыр. Олардың ерлігі мен жанкешті еңбегі — ел бірлігі мен бейбітшіліктің негізі.
Мерекелік бағдарлама «Батырлар туған Түркістан» атты көрініс-қойылыммен басталып, халық әндері мен патриоттық композициялармен жалғасты. Түрлі жанрдағы музыкалық қойылымдар, соғыс жылдарындағы әндер мен ұлттық билер көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Салтанатты жиында Түркістан қаласының мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев ардагерлерге алғыс білдіріп, естелік сыйлықтар табыс етті.
Сондай-ақ, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы бата беріп, бейбітшілік пен ел бірлігін тілек етті.