Түркістанда әлеуметтік сала басшыларымен жиын өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен қалалық «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар» орталығында әлеуметтік сала басшыларымен жиын өтті.
Жиын барысында қала аумағындағы әлеуметтік қызмет көрсету мекемелерінің жұмысы бойынша есептер тыңдалып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, өзекті мәселелер мен ұсыныстар талқыланды.
Қала басшысы өз сөзінде халықты әлеуметтік тұрғыдан қолдау — Түркістан қаласы әкімдігінің басты басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Әсіресе, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен арнаулы санаттағы тұрғындар үнемі назарда екенін жеткізді.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 237 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. 2025 жылдың басынан бері 6 227 адам атаулы әлеуметтік көмек алып отыр. Сонымен қатар, 11 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматқа абилитациялау және оңалту бойынша жеке бағдарламалар ұсынылып, тиісті қызметтер көрсетілуде.
Әкімдік тарапынан әлеуметтік қызмет көрсету сапасын одан әрі жақсарту, тұрғындарға қолжетімді және ашық жүйе қалыптастыру бағытында нақты шаралар қабылдануда. Кездесу соңында қала әкімі сала басшыларына тұрғындармен тығыз жұмыс жүргізуді, олардың өтініш-тілектеріне жедел әрі сапалы жауап беруді тапсырды.