Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Ұлттық кітап күніне арналған мерекелік іс-шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз жалғасын табуда, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Мерекелік бағдарламаның бірегей бөлігі – «Жаппай кітап оқу» флешмобы. Бұл ерекше форматтағы шараға 500-ден астам оқырман қамтылды. Ұйымдастырылған ауқымды оқырман қозғалысына жергілікті мектеп оқушылары, студент жастар, сондай-ақ «Ұлттық Ұлан» әскери бөлімінің сарбаздары белсене атсалысты.
Флешмоб барысында қатысушылар қазақ әдебиетінің жауһарларынан үзінділер оқып, түрлі жанрдағы кітаптармен танысты. Бұл бастама – ұрпақты кітапқа баулудың жарқын үлгісі, сонымен қатар жас буын мен әскери қызметкерлер арасындағы рухани байланыстың нығаюына ықпал етті.
«Жаппай кітап оқу» флешмобы – кітапты ұлықтау арқылы ұлт болашағына қызмет етудің бір жолы. Бұл шара қоғамда оқуға деген қызығушылықты арттырып, ортақ рухани кеңістік қалыптастыруға бағытталған.