HomeМәдениетАлтын Орда жәдігерлері – Түркістанда

Алтын Орда жәдігерлері – Түркістанда

Түркістанда «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбындағы көрме ашылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Өңір орталығындағы «Әзірет Сұлтан» Ұлттық музей-қорығының «Түркістан тарихы» музейінде «Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» тақырыбындағы көрме ашылды. Бұл көрмені Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, сонымен қатар Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе ұйымдастырған.

 

Көрменің салтанатты ашылуында «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Тастанбеков Мұрат, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрланұлы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы директорының орынбасары Рахмания Айболат сөз сөйлеп, аталған жұмыстың маңызына тоқталды. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, көрме ұйымдастырудағы басты мақсат – Қазақстанды Алтын Орда (Жошы Ұлысы) империясының заңды мұрагері ретінде және сол дәуірдің бай тарихи-мәдени мұрасын сақтап отырған мемлекет ретінде таныту.

 

Атап өтсек, бүгінгі таңда «Ұлытау» ұлттық музей-қорығы аумағында Алтын Орда дәуіріне тән оннан аса тарихи-мәдени ескерткіш сақталған. Олардың қатарында Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Аяққамыр (Құтлық Темір), Талмас ата, Келінтам кесенелері, Едіге мазары, Алтыншоқы төбесі және тағы да басқа тарихи нысандар бар.

 

«Алтын Орда (Жошы Ұлысы) кезеңінің тарихи-мәдени мұрасы» атты көрме бұған дейін Астана, Алматы және Жезқазған қалаларында ұйымдастырылған. Аталған көрменің Алтын Орданың мұрагері – Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында өткізілуінің де өзіндік тарихи-мәдени мәні бар деп білеміз.

 

Экспозицияда Алтын Орда кезеңіне жататын кесенелердің өрнектелген кірпіштері, сол дәуір тұлғаларының балауыздан жасалған мүсіндері, Жошы хан кесенесінің құббасы, ортағасырлық бірегей монеталар мен көне карталар және басқа да тарихи жәдігерлер ұсынылады. Көрмеге аталған үш музей қорындағы жалпы 120-дан астам экспонат қойылған. Көрме келушілерге бір ай бойы қызмет көрсетеді.

 

Ұқсас жазбалар