HomeМәдениетБалалар әдебиеті тағы бір туындымен толықты

Балалар әдебиеті тағы бір туындымен толықты

Түркістанда балаларға арналған кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасында «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай арнайы кітап апталығы өткізіліп жатыр. Апталық аясында белгілі журналист Нәзира Байырбек пен «Астана ақшамы» газетінің шолушысы Гүлмира Аймағанбеттің 6-12 жастағы балаларға арналған «Менің армандарым» атты күнделік кітабының таныстырылымы өтті. Іс-шарада «Алғыс қақпасы», «Армандар ағашы», «Армандар қабырғасы», «Арман жолы» тақырыбындағы инсталляциялық көрмелер келушілер назарына ұсынылып, «Менің армандарым» кітабы туралы бейнеролик көрсетілді.

 

Іс-шараға түркістандық ұстаз, 700-ден астам ерекше баланың тілегін орындауға мұрындық болған «Армандар орындалады» жобасының авторы Әсел Бимырзаева спикер ретінде қатысып, кітаптың шығуы және авторларының шығармашылық жолы жайында әңгімеледі. Көрерменмен сұқбаттасып, балаларға арналған өлеңдерін оқыды.

 

Сондай-ақ, ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Сарасөз» журналының бас редакторы Гүлжаз Қарыбек, Түркістандағы №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Жанәліқызы мен сол мектептің мұғалімі, ақын Арқалық Әмәлият пікірлерін айтып, «Менің армандарым» деп аталатын еңбек балалардың ойлау жүйесін дамытып, өздерін және өмірді түсінуге септігін тигізіп, арман-мақсаттарына жетелейтініне сенім білдірді. Одан бөлек, Балалар мен жасөспірімдер орталығындағы көркем сөз үйірмесінің қатысушылары өлеңдерді жатқа оқыса, өзге де мектептердің оқушылары ән мен күй орындады.

 

Іс-шараны кітапхана директоры Рысбек Ермекұлы қорытындылап, балаларға ерекше әсер сыйлайтын туындының оқырманы көп болсын деген тілегін білдірді. Сондай-ақ, іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан барша азаматқа алғыс айтып, бүлдіршіндерді марапаттады.

 

Шығармашылық ұжымның сөзіне сүйенсек, балалардың ой-өрісін дамытатын түрлі тапсырма мен ақпараттарды қамтитын «Менің армандарым» кітабы – балалардың жүрегіне жылулық, саналарына сенім себетін нағыз рухани серік. Бұл туынды балалардың қиялын көкке самғатар қанат, өмірге деген оң көзқарастарын қалыптастыратын бағдаршам болады деп сенеміз.

Ұқсас жазбалар