HomeUncategorizedҚасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті

Мемлекет басшысы Ұлттық бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілерімен кездесті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық бітімгерлік құрам сапында табысты қызмет атқарған әскерилер ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсеткенін, сол арқылы Ұлттық армиямыздың, тұтас мемлекетіміздің беделі көтерілгенін атап өтті

 

Мемлекет басшысының сөзінен:

▪️Бітімгер болу – бейбітшіліктің елшісі болу деген сөз. Бұл – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік, нағыз ержүрек жауынгерлердің қолынан келетін іс. Қазір әлемдегі жағдай аса күрделі екенін білесіздер. Түрлі қақтығыстар болып жатыр. Өкінішке қарай, оның бәрін келіссөз арқылы шешу мүмкін болмай тұр. Мұндай кезде бітімгерлік миссиялары айрықша рөл атқарады. Қазақстан – бейбіт ел. Біз әлемде тұрақтылық орнатуды көздейтін барлық бастаманы қолдаймыз

▪️Еліміздің қарулы күштері 2014 жылдан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік қызметіне өз үлесін қосып келеді. 80 азамат байқаушы және штаб офицері ретінде бірнеше миссияға атсалысып, 700-ге жуық әскери қызметші БҰҰ-ның арнайы операцияларына қатысқан. Мемлекет басшысы олардың ішінде Әлия мен Мәншүктің, Хиуаздың жолын жалғаған жаужүрек арулар да бар

▪️Көптеген ел бітімгершілік күштерге қосылуға ұмтылады. Бірақ бәріне бірдей сенім артыла бермейді. Ал Қазақстанға осындай мүмкіндік беріліп отыр. Былтыр Ұлттық армия тағы бір тарихи қадам жасады.Қазақстан алғаш рет бітімгерлік міндетін дербес орындауға кірісті. Голан жоталарындағы операция аясында Біріккен Ұлттар Ұйымымен қарым-қатынасымыз мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Біз толыққанды бітімгерлік күштері бар елдердің қатарына қосылдық. Қазақстан – осы салада мол тәжірибе жинақтаған Орталық Азиядағы бірден-бір мемлекет.

▪️Сарбаздарды маңызды миссияларға даярлау ісін ерекше атап өткен жөн. Аз уақыт ішінде әскери қызметшілерді түрлі дағдыларға бейімдеп, оларды халықаралық стандарттарға сай құрал-жабдықтармен түгел қамтамасыз ету үшін сапалы жұмыс атқарылды. Енді осы тәжірибені бөлісіп, басқа да әскери қызметшілерді үйрету қажет. Бітімгерлік миссия кезінде меңгерген жаңа дағдыларды еліміздің әскер даярлау жүйесіне енгізу өте маңызды.

▪️Қазір еліміздің 158 азаматы Африка және Таяу Шығыс аймағында бітімгерлік қызметте жүр. Болашақта Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында өтіп жатқан басқа да миссияларға қатысуды жоспарлап отырмыз.

▪️Жалпы, әскери бөлімдер мен күштік құрылымдардың беделі мен даярлық деңгейі едәуір өсті. Құқық қорғау және арнаулы органдар қылмыспен күресте, терроризм мен есірткі бизнесінің жолына тосқауыл қоюда тиімділігін көрсетіп келеді. Алайда босаңсуға мүлде болмайды. Алдымызда мемлекетіміздің қорғаныс қабілетін нығайту міндеті тұр.

▪️«Заң мен тәртіп», отаншылдық пен жауапкершілік – әскери қызметшілерге ғана емес, еліміздің барлық азаматтарына ортақ аса маңызды құндылықтар. Осы жасампаз қасиеттер қоғамда жан-жақты дәріптелуге тиіс. Себебі біз қазір бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз және Қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз.

Мемлекет басшысы әскери борышын үлгілі атқарғаны, Біріккен Ұлттар Ұйымының Голан жоталарындағы бітімгерлік миссиясын жүзеге асыру барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ әскери қызметшіні мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Ұқсас жазбалар