Түркістанда жарнама тіліне қатысты заң талаптарының дұрыс орындалуы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» мен Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері бірлесіп, қала аумағындағы тіл саясатын іске асыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Шара Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының 21-бабы және ҚР Тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 20-тармағына сәйкес жүзеге асырылуда. Нақты айтқанда, Түркістан қаласы аумағындағы жарнамалар мен көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде дұрыс ресімделуіне бақылау жүргізу мақсатында, сәуір айының 10-ына дейін 19 шаруашылық субъектісіне ұсыныс хаттар жолданған болатын.
Аталған ұсыныс хаттар негізінде бірқатар кәсіпкерлік нысандары өздеріндегі тілге қатысты кемшіліктерді түзетіп, талаптарға сай жұмыстар жүргізді. Атап айтқанда, Бекзат Саттарханов даңғылы бойында орналасқан «WOW PLOV» және «Balkon» кафелері орыс тіліндегі жарнамалық баннерлерін алып тастаса, «Diana» дәмханасы ас мәзірінің қазақ тіліндегі нұсқасын әзірледі.
Сонымен қатар, «Blond окрашивание волос» жарнамасы алынып, «Zerde ради здоровья каждого» дәріханасының көрнекі ақпараттары талапқа сай қайта жасақталуда. «Белорусская мебель» дүкенінің сыртқы жарнамасы да өңделіп, мемлекеттік тіл талаптарына сәйкестендірілуде.
Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Қаладағы көрнекі ақпарат пен жарнама мәтіндерінің талаптарға сай болуын қамтамасыз ету – ортақ міндет.