Шымкент қаласында «Шымкент думан» фестивалі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.
Шымкент қаласының әкімдігі ұйымдастырған, 7 жылдан кейін қайта жаңғырған бұл фестивальде күлкі мен өнер тоғысып, ерекше кешке айналды. «Тулип Холл» концерт залында өткен бұл кешке белді әзіл ұжымдары – «Шымкент шоу», «Шаншар», «Алдараспан», «Миллион», Қанат Әлжаппаров пен Қайрат Әділгерей қатысты. Сондай-ақ, халықтың сүйікті әншілері Әлжаппар Әлқожа және Ханзада өнер көрсетті. Фестивальдің басты мақсаты – қазақ әзілінің биік деңгейін көрсету және талантты өнерпаздарды қолдау болды. Кеш барысында Көпен Әмірбек атындағы арнайы жүлде мен жүлделі орындар табысталды. Әділ-қазылар шешімімен жүлделі 1 орын мен 700 мың теңге сертификатына және Көпен Әмірбек атындағы Арнайы жүлде 300 мың теңге сертификатына Алматы қаласынан келген Қ.Қожамияров атындағы республикалық академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры иеленсе, бас жүлде 1 миллион теңге Қызылордадан келген “Күлкістан” әзіл-сықақ театрына бұйырды.
Салтанатты шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде, «Шымкент – қазақ өнері мен мәдениетінің қайнаған ортасы. Бірақ, соңғы 7 жылда “Шымкент думан” фестивалі өтпей қалғаны өкінішті жағдай. Енді осы дәстүрді қайта жандандырып, оны тұрақты түрде ұйымдастыруды қолға аламыз. Бұл фестивальдің басты мақсаты – әзіл арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеру, сатираны дамыту және көрерменге мәдени демалыс сыйлау. Біз бұл шараның келесі жылдары да үздіксіз жалғасатынына сенеміз», – деп атап өтті.
Кешке жиналған көрермендердің қарасы көп болды. Шынайы күлкі, таза әзіл мен әсем әндерге толы болған бұл фестиваль көпшіліктің көңілінен шығып, халық арасында жылы лебізге ие болды. Шымкенттің қонақжайлығын сезінген әрбір қатысушы өздеріне көрсетілген құрмет пен қошеметке дән риза болып тарқасты. Шымкент халқының осындай игі бастамаларды қолдайтынын байқаған ұйымдастырушылар бұл фестивальді жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. «Шымкент думан» – күлкі мен қуаныш сыйлаған, халықтың ыстық ықыласын жинаған ерекше кеш болды.