Home Blog Page 71

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ЖАСТАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0

 

Түркістан облысының үздік жастары марапатталды, деп хабарлайды qulager.kz.

 

Бүгін Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде «Жыл көшбасшылары» жобасы аясында «Үздік жастар премиясы – 2025» байқауының марапаттау кеші өтті. Шара облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң ұйымдастыруымен қолға алынған.

Салтанатты шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Болат Серікұлы мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ң басшысы Ернар Нұралыұлы қатысып, жастардың жетістіктеріне тоқталды. «Үздік жас мұғалім» номинациясы — бәйдібектік Әбдікәрім Андасұлы мен сарыағаштық Дәуренбек Миатұлына бұйырды. Ал,  «Үздік жас дәрігер» —  шардаралық Бексейіт Қанатұлы мен бәйдібектік Лаура Нұрғалиқызы атанды. Сондай-ақ, «Үздік жас спортшы» — келестік Асылжан Есболұлы, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» — сарыағаштық Асел Еркінқызы, «Үздік бейбіт өмір батыры» номинациясына — төлебилік Асыл Хамитбекұлы ие болды.  «Үздік жас кәсіпкер» — сарыағаштық Сұңқар Бердалыұлы, «Таза Қазақстан экологиялық жобасының үздік жасы» — қазығұрттық Ақтөре Мейіржанұлы, «Үздік жас полиция қызметкері» — түркістандық Бақытжан Үсенұлы және «Үздік Жастар ресурстық орталығы КММ-ң маманы» номинациясы  — созақтық Зарина Қалдыбайқызына бұйырды.

Сонымен қатар,  «Үздік жас оқушы» — түлкібастық Нұрислам Нұрланұлы, «Үздік жас әнші» — түркістандық Ақгүлім Қайырбекқызы, «Үздік жас жұмысшы маман» — Камила Рүстемқызы, «Үздік жас волонтер» — түркістандық Асылзат Батырбекқызы, «Үздік жас блогер» номинациясы — түркістандық Бақдаулет Ерланұлына бұйырды. Бұдан бөлек, «Үздік жас тілші» — түркістандық Қымбат Мұнсызбайқызы мен Жұлдыз Батырбекқызы атанды. Сондай-ақ, «Үздік жас отбасы» — сарыағаштық Әуезхановтар, «Үздік жас ІТ маман»  — сарыағаштық Низамаиддин Курванжанұлы, «Үздік шығармашылық ұжым» —  «OzgeEpic CreativeHub», «Үздік жас студент» номинациясын — жетісайлық Әдемі Мұханқызы жеңіп алды. Үздік атанған жастар әр аталым бойынша  қаржылай сыйлықтарға ие болды.

Түркістан облысында ірі күн электр станциясының құрылысы басталды

0

Түркістан облысы Сауран ауданы Оранғай ауылдық округінде қуаты 300 МВт болатын ірі күн электр станциясының құрылысы ресми түрде басталып, уақыт капсуласын салу рәсімі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Аталған жоба – өңірдегі жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған ең ауқымды бастамалардың бірі. Күн электр станциясының іске қосылуы аймақтың энергетикалық әлеуетін арттырып, жасыл энергетика үлесін ұлғайтуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл бастама облыс экономикасының әртараптануына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және экологиялық таза энергия өндіруге жол ашады.

– Бүгін өңіріміздің ғана емес, бүкіл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен «жасыл экономикаға» көшу жолындағы маңызды жобалардың бірі – қуаты 300 МВт болатын күн электр станциясының іргетасын қалау рәсіміне жиналып отырмыз. Түркістан облысы –  ауа температурасы ең жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан жаңартылатын энергия жобаларын дамыту,  күн қуатын пайдалану – өңіріміз үшін аса тиімді әрі болашағы бар бағыт. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін құйылатын инвестиция құны шамамен 160 млрд. теңгені құрайды.  Жоба аясында 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп көзделуде және жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастама – экологиялық таза, тұрақты даму жолына түскен Түркістанның болашағына салынған инвестиция. Бұл жоба облысымыздың энергия инфрақұрылымын нығайтып қана қоймай, халықаралық инвесторлар үшін өңірдің тартымдылығын арттыра түседі. Осы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, барлық министрліктер мен мекемелерге, сондай-ақ серіктес компания «Energy China» басшылығына алғыс айтқым келеді. Ынтымақ пен сенімге негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты жалғаса беретініне сенімдімін.  Бүгінгі салтанатты рәсім – үлкен жұмыстың бастамасы.  Жобаның табысты жүзеге асуына тілектеспін,  – деді Нұралхан Көшеров.

Бейнебайланыс арқылы сөйлеген «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қор тарапынан жаңартылатын энергия жобаларына жүйелі қолдау көрсетіліп келе жатқанын айтып, 300 МВт-тық күн электр станциясы Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосатынын жеткізді.

Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бұл жобаны Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын үлгісі ретінде атап, жасыл энергетика саласындағы бірлескен бастамалардың маңызына тоқталды.

Сонымен қатар бейнебайланыс «China Energy Group» президенті Ни Чжэн сөз сөйлеп, жобаның ұлттық энергетика саласы үшін мәні мен халықаралық әріптестікті дамытудағы рөлін атап өтті.

Жиында «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов  жоба компанияның төмен көміртекті генерацияға және заманауи энергия жүйесін дамытуға кезең-кезеңмен көшу жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі екенін  атап өтті: «Самұрық — Энерго» үшін бұл станцияны салу – инвестициялық жоба ғана емес, сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімді орнықты дамуына қосқан үлесі. Біз серіктестерімізбен бірлесе отырып, объектіні ең жоғары сапа мен сенімділік стандарттарына сәйкес іске асыра алатынымызға сенімдіміз», деді.

«China Energy Engineering Overseas Investment Company» директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяодань жобаның техникалық, экологиялық және инвестициялық қырларына тоқталып, оны сапалы әрі белгіленген мерзімде іске асыруға дайын екендерін мәлімдеді.

Капсуланы салу құрметі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке, «Самұрық-Энерго» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтовқа және «China Energy Engineering Overseas Investment Company»  директорлар кеңесінің төрағасы Линь Сяоданьға берілді.

Аталған күн электр станциясы толық іске қосылғаннан кейін Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артады. Сонымен бірге инвестиция тартуға, зауыттар ашуға қажетті энергия көзі молайып, өңірдің тұрақты әрі экологиялық қауіпсіз дамуына серпін береді.

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫСЫ БОЛУ – ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК

0

QULAGER.KZ.​ Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің спорт саласын жүйелі дамыту қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын.

Осыған орай Түркістан облысында спорт саласы қарқынды қолға алынуда. Өңірде заманауи спорттық кешендер бой көтеріп, елді мекендер жаңа ғимараттармен толығып келеді. Соның бірі, Сауран ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде жаңадан спорт кешені аяқталуға шақ тұр. Ауыл қуанышын еселейтін нысан құрылысы  биылғы жылдың жаз айында басталған. Мердігер мекеме «Юг Рем Строй Сервис» ЖШС. Соңғы үлгіде жабдықталған спорттық ғимарат құрылысына Түркістан облыстық мәслихат депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Баймахан Сүлейменов арнайы депутаттық сауал жолдап, ықпал жасаған.

Осыған орай халық қалаулысы елді мекенге арнайы барып, құрылыс жұмыстарын аралап көрді.

-Жастардың спортқа деген қажеттілігі күн сайын артып келе жатқанын ескерсек, мұндай нысандар ауыл жастарына пайдалы. Жалпы спортшыларды ынталандырудың бірнеше жолдарын айтуға болады. Спортшыларды ең бастысы жаттығу жасайтын орындарын, спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету керек. Барлық талаптарға сай бой түзеген бұл спорт кешенінде бір мезетте 100-ге жуық спортшы жаттыға алады. Мұндай нысандар ауыл жастарының спортқа деген құлшынысын арттырады деп ойлаймын. Ауылдан еліміздің абыройын асқақтатар болашақ жастар өсіп келеді. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталса, халықтың пайдалануына беріліп ел қуанышын еселейді деп сенемін,-Б.Сүлейменов.

 

Халық қалаулысы мердігер мекеме тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды көріп, құрылыс сапасына мән берді. Бүгінде құрылыстың 90 пайыздан көбісі аяқталған. Депутаттың игі ісі ауыл жастарын спортқа баулып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда орасан мүмкіндік болары сөзсіз. 

Айта кетейік, Ынталы ауылында бүгінде 3 мыңнан аса халық тұрады. Негізгі күнкөріс көзі малшаруашылығы. Сауран ауданынан сайланған халық қалаулысы Баймахан Тоймаханұлы бүгінге дейін елді мекенге жол төсеу, жарықтандыру сияқты бірқатар жұмыстардың оң шешілуіне сеп болған.  

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барады

0

18-20 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Жапонияға барады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

      

Сапар аясында Император Нарухитомен, Премьер-министр Санаэ Такаичимен, сондай-ақ Жапонияның іскерлік орта өкілдерімен кездесу жоспарланған.

 

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады.

Түркістан облысында «AMANAT BARYSY» турнирі өтті

0

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен қазақ күресінен «AMANAT BARYSY» турнирі өтті. Облыстық партия филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткізілген кең ауқымды турнирге облыстың барлық аудандары мен қалаларынан 25 балуан қатысты.

 

Ұлттық рухты көтеретін жарыстың ашылуы Төлеби ауданы, Леңгір қаласындағы «Тағай» спорт кешенінде өтті. Жастарды жаны мықты, тәні шымыр болуға жетелейтін жарыстың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ғалымжан Елшібай қатысты.

 

Облыстық партия филиалының төрағасы жарысқа қатысушылар мен жанкүйерлерді тұрақтылық пен тұтастықтың символы болған Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қазақтың ежелден келе жатқан балуандық дәстүрін жаңғырту – қоғамның да, ұрпақтың да дамуына қызмет ететін бастама екенін айтты.

 

«Тәуелсіздік – халқымыздың ең қастерлі құндылығы, елдік рухымыздың негізі, мемлекетіміздің берік тұғыры. Осы ұлық мереке қарсаңында өтіп жатқан «AMANAT BARYSY» турнирінің маңызы ерекше. Қазақ күресі елдік мінезді, ұлттық рухты, адал бәсеке мен батырлықты насихаттайтын үлкен мектеп. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан күрес өнері – ұлттың мінезін, күш-қайратын, табандылығын танытатын рухани байлығымыз. Бабалардан жеткен осы дәстүрді қазіргі ұрпаққа аман жеткізу – біздің парызымыз», — деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

 

Аудан тұрғындары мен қонақтарына игі тілегін арнаған аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы «AMANAT BARYSY» турнирінің Төлеби ауданында өтуіне қолдау көрсеткен облыстық партия филиалына, жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлестерін қосқан аудандық мәслихат депутаттарына алғысын жеткізді.

 

Облысымыздағы әр аймақтың абыройын арқалған айбатты азаматтардың жарысына жанкүйерлер көп жиналды. Білектің күшімен ғана емес, жүректің үнімен боз кілемге шыққан балуандарды аудандық мәслихат депутаттары, облысымыздың әр аймағынан келген партия филиалдарының жетекшілері, аға буын өкілдері, спортқа жанашыр азаматтар, аудан тұрғындары мен белсенді жастар үлкен қолдаумен қарсы алды. Жарысқа қатысушыларды ұлт аспаптар оркестрі мен аудан өнерпаздары күтіп алып, ұлттық әуендермен құрмет көрсетті.

 

«AMANAT BARYSY» жобасы биыл республикамызда алғаш мәрте партия бастамасымен өтіп жатқан іс-шара. Түркістан облысында ұлттық мәдениетіміздің алтын арқауы саналатын қазақ күресі – ғасырлар бойы ұлт рухын, ерлік пен батырлық болмысын қалыптастырған көне спорттық ойындар ретінде дәріптеледі. Түркістанды тек тарихи орталық қана емес, халқымыздың жауынгерлік дәстүрі қалыптасқан аймақ ретінде таныту – партияластарымыз абыроймен атқаратын іс деп білеміз.

 

«AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын Түркістан облысында іске асыру жөніндегі Жол картасында өңірімізде бұқаралық спортты дамыту бағыты бойынша бірқатар маңызды міндеттер белгіленген. Салауатты ұлтты қалыптастыру, партиялас әріптестеріміздің спорттық белсенділігін арттыруда жуырда Қазығүрт ауданында облыстағы бастауыш партия ұйымдары арасында футболдан турнир өткізілді. Бұл іс-шара ортақ мақсат аясына біріккен азаматтар арасында ұжымдық ынтымақтастықты күшейтіп, партияның өзегі саналатын бастауыш ұйымдардың белсенді қызметін қамтуға серпін берді. Осы дәстүрді жалғастыра отырып, алдағы уақытта партияластарымыздың арасында волейболдан да сайыстар өткізу жоспарымызда бар.

 

Партияның «Жастар рухы» жастар қанатының бастамасымен «Чемпиондық рух» жобасы қолға алынып, оның аясында елімізге белгілі саңлақ спортшылармен кездесулер, жаттығулар өткізу үрдісі қалыптасты. Осы мазмұндағы іс-шара кеше ғана Түлкібас ауданында өтіп, оған бокстан әлем чемпиондары ағайынды Махмұт және Төрехан Сабырхандар қатысты.

 

«AMANAT BARYSY» алаңында өткен әр белдесу нағыз жігіттік мінездің, төзім мен шеберліктің көрінісі болды. Балуандар өздерінің ерік-жігерін, табандылығын, ұлттық рухқа адалдығын көрсетті. Белдесулер басталған сәттен-ақ алаңда қайсарлықтың лебі сезілді. Татамиде өнер көрсеткен балуандардың бірі шалт қимылмен қарсыласын шалып жықса, бірі күтпеген тұстан қарсыласын атып ұрып жанкүйерлерді ду еткізді.

 

Балуандар тактикасы мен дайындығының деңгейі айрықша байқалды. Әр тәсіл – жылдар бойғы еңбектің, шыдам мен тердің жемісі екені көрінді. Бірі қарсыласын айналдыра жүріп қапталдан іліп түсірсе, енді бірі шабуылдаудан қаймықпай, белдесуді өз ырғағына бағындыра білді. Әр сәт, әр әдіс – жанкүйерлер жүрегін елжіретіп, ұлттық күрестің қаншалықты дамып келе жатқанын көрсетіп отырды.

 

Алғашқы айналымға қатысқан 25 балуынның ішінен 16 балуан үздік шығып екінші айналымға өтті. Екінші айналымда барлығы 8 белдесудің жеңімпаздары анықталды. Турнирдің ширек кезеңінде 4 белдесу өтті, олардың жеңімпаздары ақтық сайысқа жолдама алса, ширек финалда жеңіліс тапқан екі балуан үшінші орын үшін күресті.

 

Жарыстар қорытындысымен «AMANAT BARYSY» турнирінің ІІІ-орын иегері болып Бәйдібек ауданының намысын қорғаған Бекқұлұлы Әлфараби танылды, ол 200 мың теңгенің сертификат иегері атанды. Ақтық сайыста Отырар барысы Шорабек Ерсұлтан мен Шардара барысы Шамшидинов Қайсар белдесті. Ақтық сайыста шардаралық балуанның асығы алшысынан түсіп, «AMANAT BARYSY» атанды. Турнир жеңімпазына 500 мың теңгенің сертификаты бұйырса, отырарлық балуан күміс жүлдегер атанып, 300 мың теңгенің сертификатын алды.

 

«AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы турнирге қатысқан барлық балуандарды, жаттықтырушыларды, жанкүйерлерді және жеңімпаздарды шын жүректен құттықтайды! Ұлттық спортты қолдау, жастардың рухын көтеру және аймақтың спорттық беделін арттыру жолындағы мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғаса береді.

ТҮРКІСТАН: «Бөрте милка» жобасы толық іске қосылды

0

Түркістан облысында сүт өндірісін жаңа деңгейге көтерген «Бөрте милка» жобасы толық іске қосылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауында ауыл шаруашылығын жаңғырту мен азық-түлік қауіпсіздігін ұлттық басымдық ретінде атап өтеді. Осыған сәйкес Түркістан облысында қайта өңдеу және өндіріс қуатын арттыру бағытындағы маңызды жобалар қарқынды іске асуда. Бұл даму фермерлік шаруашылықтарды жаңғырту, озық технологияларды енгізу және мал басын көбейтуге бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.

 

Ордабасы ауданында орналасқан «Бөрте Милка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тауарлы-сүт фермасын кеңейту жобасы толық іске қосылып, Түркістан облысының сүт өндірісін жаңа сапалық деңгейге шығарды. Жоба еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңғыртуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктері аясында жүзеге асырылды.

 

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу негізгі технологиялық үрдістердің барлығын қамтуда. «Ақылды ферма» жүйелері мен жасанды интеллектке негізделген аналитикалық платформалар өндірісті дәл әрі тиімді басқаруға, жануарлардың денсаулығын бақылауға, шығындарды оңтайландыруға және өнім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

 

2023 жылы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен АӨК саласындағы жобаларды несиелеу қағидалары бойынша Түркістан облысына жаңа немесе қолданыстағы сүт-тауар фермаларын салуға және кеңейтуге 6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Осы бағдарлама аясында 2023 жылғы желтоқсанда арнайы конкурстық комиссия «Бөрте Милка» ЖШС-нің 403 басқа арналған қолданыстағы сүт фермасын кеңейту жобасын мақұлдады.

 

Жобаның жалпы құны 2,8 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 2,380 миллиард теңге көлеміндегі қарыз 2023 жылғы 15 желтоқсанда бекітілген мақсатты несие шартымен рәсімделді. Несие шарттары министрлік бекіткен талаптарға толық сәйкес келеді. Қарыздың мерзімі 2033 жылдың 1 қазанына дейін белгіленген, ал сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5 пайыз.

 

Несие қаражатының 872,9 миллион теңгесі құрылыс жұмыстарына, 853,2 миллион теңгесі Еуропа стандарттарына сай толық автоматтандырылған заманауи сүт фермасы жабдықтарына, 114,4 миллион теңгесі арнайы техника сатып алуға, ал 540 миллион теңгесі асыл тұқымды голштин сиырларын сатып алуға бағытталды.

 

Серіктестіктің құрылтайшысы Гүлнар Муталиева өндірісті басқарудың заманауи тәсілдерін қолдана отырып, жобаның тиімді әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етті. Бүгінде жоба толық аяқталып, ферманың жаңа инфрақұрылымы толық қуатында жұмыс істеп тұр. Инвестор өз қаражаты есебінен 420 миллион теңгеден астам қаржы салды. Барлық қаражат мақсатты түрде игерілді: асыл тұқымды 403 бас ірі қара сатып алынды, жаңа қора-қопсылар салынды, ферманың үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылым толық жасақталды.

 

Өндірісті автоматтандыру бағытында Швециядан арнайы тапсырыспен әкелінген VMS-300 маркалы төрт сауу роботы орнатылды. Әрбір робот сегіз сағат ішінде 70 басқа дейін қызмет көрсете алады. Осылайша, бір оператор тәулігіне үш мезгіл сауылатын 140 сиырдың толық сауын процесін қамтамасыз етеді. Бұған қоса, бұрын орнатылған үш робот толық жаңғыртудан өтті. Сыйымдылығы 2000 тонна болатын жаңа жем-шөп қоймасы мен қажетті көлемдегі бетонды қи сақтау алаңы салынып, ферманың өндірістік мүмкіндіктері одан әрі кеңейді.

 

Жобаның нәтижелері 2024 жылдың қорытындысы бойынша айқын көрінді: «Бөрте Милка» ЖШС-нің сүт өндіру көлемі 44 пайызға артты. Биыл өндіріс көлемі 60 пайызға ұлғайды. Бұл өсім кәсіпорынның технологиялық жаңғыруы мен инфрақұрылымдық дамуының тікелей нәтижесі.

 

Осылайша, «Бөрте Милка» жобасы Қазақстанның сүтті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі ұлттық стратегиясын іске асыруға елеулі үлес қосып отыр. Тауарлы-сүт фермасы агроөнеркәсіптік саланы жаңғырту, цифрлық технологияларды пайдалану, өнімділік пен еңбек тиімділігін арттыру бойынша өңір экономикасына жаңа серпін беретін маңызды бастамаға айналды. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылды. Бүгінде ферма нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып қана қоймай, Түркістан облысының сүт өндірісі бойынша жетекші орталықтарының біріне айналып отыр.

Ваучерлік қаржыландыру арқылы балабақша кезегі 44%-ға қысқарды

0

Ваучерлік қаржыландырудың арқасында балабақша кезегі 44%-ға қысқарды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Соңғы 5 жылда еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 650-ден 12 мыңға жуықтады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өңірлерде балабақшаларды іске қосу жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған қадамдық жоспар іске асырылуда. 2023 жылдан бері 180 мыңға жуық жаңа орын ашылды. Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Кезектегі 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9%-ға жетті. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

 

Оның айтуынша, ваучерлік қаржыландыру мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыру мақсатында 2024 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру пилоттық жобасы іске қосылды.

 

«Бүгінгі күні пилоттық жобаға 20 қала, 16 аудан қосылды. Қазіргі таңда ваучерлік қаржыландыру арқылы 5 231 балабақшаға ваучерлер берілді. Нәтижесінде жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл қадам кезектілікті 44%-ға қысқартуға мүмкіндік берді. Ваучерлік жүйе процесстердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жаңа жүйе «ақша баламен бірге жүреді» принципі бойынша жұмыс жасайды. Ата-аналарға таңдауды өздері жасауға және балабақшаны ауыстыруға мүмкіндік берілді», – деді спикер.

 

Өңірлерде жаңа орындарды ашу және оларды әрі қарай қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен 2023 жылы 203 млрд теңге, 2024 жылы 226 млрд теңге, 2025 жылы 250 млрд теңге жалпы сипаттағы трансферттер бөлінді.

 

2023 жылдан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасы балаларын мектепке дейінгі ұйымдарда тегін тамақтандыру қамтамасыз етілді. Биыл мектепке дейінгі ұйымдарда 67 200 бала тегін тамақпен қамтылды.

Түркістанда «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің 5 жылдығы аталып өтті

0

Түркістанда «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің 5 жылдығы атап өтілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістанда «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінің 5 жылдық мерейтойы аталып өтті. 2020 жылдың 28 қыркүйегінде есігін ашқан кешен осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жүздеген мәдени іс-шаралардың тұрақты өткізу алаңына айналды. Ұжым құрамындағы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған кәсіби өнерпаздар бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанып үлгерді.

 

«Белесті 5 жыл» атты салтанатты концертте кешеннің «JANA LEP» труппасы, «ALQONYR» фольклорлық ансамблі, «SAMGAU» би ансамблі және «КЕРУЕН» балалар би тобы көрерменге өз өнерін көрсетті. Сондай-ақ, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі дирижер Еркін Нұрымбетовтің өнері кештің көркін аша түсті. Шараның құрметті қонақтары қатарында Түркістан облысы әкімінің аппарат басшысы Еркебұлан Дауылбаев, Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Темірболатұлы, Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы және қалалық басқармалар мен мекемелердің өкілдері және мәдениет саласының ардагерлері болды.

 

Айта кетейік, бес жыл ішінде «Конгресс Холл» — өңірдегі мәдени, қоғамдық және іскерлік шаралардың негізгі орталығына айналды. Осы кезеңде көптеген концерттер, форумдар, ресми кездесулер өткізіліп, мыңдаған көрерменге қызмет көрсетілді. Мерейтой барысында кешеннің дамуына үлес қосқан қызметкерлерге қала басшысы мен ұйым өкілдері тарапынан арнайы алғыс білдіріліп, ықылас гүлдері табысталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның жаңа Президентін құттықтады

0

QULAGER.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцарияның жаңадан сайланған Президентін құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.

 

Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясының Президенті болып сайлануына орай Ги Пармеланға құттықтау жеделхатын жолдады.

 

Құттықтауда Ги Пармеланның көшбасшылық қасиеті мен еліне қалтқысыз қызмет еткенінің арқасында жоғары сенімге ие болып, осынау биік лауазымға қайта сайланғаны жазылған.

 

Мемлекет басшысы Президенттің жаңа мерзімінде халықаралық қатынастарда маңызды рөл атқаратын Швейцария дамудың даңғыл жолын жалғастыра беретініне сенім білдірді.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал Швейцария халқына бақ-береке тіледі.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедов және бауырлас түрікмен халқын айтулы дата –Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 30 жыл толуымен құттықтады.

 

Мемлекет басшысы мерейлі сәтке орай ұйымдастырылған халықаралық форумда көтерілетін мәселелердің маңызын атап өтті.

– Ашхабад секілді көркем шаһарға шақырғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Мұнда келген сайын қонақжай пейілдеріңізді, туыстық әрі достық көңілдеріңізді сезінеміз. Ертеңгі форум өзіне жүктелген міндетті толық атқарып шығатынына және халықаралық қатынастар тарихында айтулы уақиға болатынына сенімдімін. Өйткені бұл жиында бейбітшілік, бейтараптылық және сенім секілді ең өзекті тақырыптар қозғалады. Қазіргі әлемге жетпей тұрғаны да осы құндылықтар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамыту перспективасын талқылады. Сердар Бердімұхамедовтің таяуда Астанаға жасаған мемлекеттік сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру барысына айрықша мән берілді.

 

Түрікменстан Президенті Мемлекет басшысымен Ашхабад қаласында жүздескеніне қуанышты екенін жеткізді.

– Осы халықаралық деңгейдегі форумға қатысу арқылы Сіз бейбітшілікті, сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға бейіл екеніңізді көрсетіп отырсыз. Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына шақыруымды қабыл алғаныңыз үшін Сізге алғыс айтамын. Өзіңізбен түрікмен жерінде кездесу біз үшін зор мәртебе, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Мемлекеттер басшылары өзара сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды.