Home Blog Page 68

Сібір жарасы – адамдар мен жануарлар арасында тіркелетін аса қауіпті жұқпалы ауру

0

Ауру жеке органды ғана емес, тұтас ағзаны да зақымдайды, көп жағдайда терінің, кейде өкпенің, ішектің қабынуын және зақымдануын тудырады. Инфекция көзі науқас жануарлар болып табылады: ірі қара мал, жылқылар, есектер, қойлар, ешкілер, бұғылар, түйелер. Ауырған жануардың зәрі мен нәжісінде ауру қоздырғышы анықталады.

Сібір жарасының қоздырғышы – Bacillus anthracis сібір жарасын тудырушы бацилла. Сыртқы ортаға өте төзімді, спора түрінде топырақта 100 жылға дейін белсенділігін жоғалтпайды. Адам ауруды жануарлардан мал сойғанда, малға күтім көрсеткенде, асқа ауру малдың етін, сүтін қабылдағанда, споралары бар терісін қолданғанда жұқтырады. Аурудың формасына байланысты адамда дене қызуының көтерілуі, тері жарасы, ісіну; ауыр формаларында қанды іш өту және құсу, ішінің ауыруы, өкпе аурулары, жүрек әлсіздігі пайда болады. Емдеусіз ауру өліммен аяқталады.

Сібір жарасының белгілері Қоздырғыш ағзаға тері арқылы (95 пайыз) еніп, бұл жағдай сібір жарасының туындауына әкеп соғады. Спорамен демалса, онда өкпе қабыну түріндегі ауруға шалдығып, оны жұтар болса, ішектің зақымдалу белгілері пайда болады. Инкубация кезеңінің ұзақтығы терілік формада бірнеше сағаттан 14 күнге дейін, сепсистік формада 6-8 күн. Аурудың екі клиникалық түрі болады: біріншісі — жергілікті тері (карбункулезді, эдематозды, буллезді, эризипеллоидты), екіншісі — сепсистік (өкпелік, ішектік) түрлері. Ең жиі кездесетін түрі карбункулезді түрі. Дененің ашық жерлері зақымдалады. Тек саусақ ұштары, тырнақ орны және мұрын терісі зақымдалмайды.

Алдын алу шаралары: Сібір жарасынан өлген малдарды көмген орындарды анықтау, есепке алу және залалсыздандыру шаралары, сібір жарасына қарсы жануарларға екпе жүргізу. Сібір жарасын жұқтырған немесе күдіктелген жануарларды дереу оқшалау, жануарлардың әкелінуі мен әкетілуін, ет, сүт және тері шикізаттарының шығарылуын болдырмау. Барлық күдікті жағдайлар жайлы дереу ветеринарлық мекемелерге ақпарат беру. Малды сояр, әсіресе мәжбүрлі сояр алдында ветеринарды міндетті түрде шақыру. Ауру малдың еті мен басқа өнімдерін зертханалық зерттеусіз тамаққа және т.б. мақсаттарда пайдалануға жол бермеу қажет.

НАЗАР АУДАРЫҢЫЗДАР!!!

Өзіңіздің денсаулығыңызды қауіп-қатерден сақтау үшін тағамға қолданылатын мал өнімдерін, оларды өңдеуден өткізу тек қана ветеринар сараптамасынан кейін ғана қолданғаныңыз жөн! Сараптамадан өткен етті сатып алсаңыз да, өзіңізге ереже етіңіз: етті үйде қолғаппен бөлу керек, тақтай, пышақ тек қана шикі етке ғана арналған болуы керек. Оларды ыстық сумен немесе қайнаған сумен шайыңыз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болғанда міндетті түрде тез арада медициналық көмекке жүгініңіз, себебі ем неғұрлым ерте басталса, нәтижесі де қолайлы болады. Сырқатты жұқтырмау үшін ет алуда абай болу керек. Еттің ветеринарлық зертханадан өткендігі туралы анықтаманың болуы маңызды!!!

Есте сақтаңыз: сібір жарасы аса қауіпті жұқпалы аурулар қатарына жатады.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н.Нышанов

ТҮРКІСТАН: Ордабасыда газаблок өндіретін жаңа зауыт ашылды

0

Бадам индустриалды аймағында автоклавты газаблок өндіретін жаңа зауыт ашылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриалды аймағында «AERO» автоклавталған газоблок өнімдерін шығаратын зауыттың салтанатты ашылуы өтті. Аталған өндіріс орны аудан экономикасын дамытуға, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға, құрылыс саласын сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған ірі жобалардың бірі.

 

Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, инвесторлар мен кәсіпорын ұжымы қатысты.

 

Іс-шарада аудан әкімі көпшілікті жаңа кәсіпорынның ашылуымен құттықтап, жұмысына табыс тіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес аудан көлемінде өндіріс саласын дамытуға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

 

Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. 3 гектар аумақта орналасқан өндіріс орны жылына 85 мың текше метр автоклавталған газоблок өндіруге қауқарлы. Мұнда бастапқы кезеңде 40 тұрақты жұмыс орны ашылса, алдағы уақытта жұмыс орындарын көбейту жоспарлануда. Зауытта заманауи технологиялар қолданылып, табиғи компоненттерден дайындалатын, беріктігі жоғары әрі халықаралық стандарттарға сай өнім шығарылады.

 

Салтанатты жиын барысында құрметті қонақтар зауыттың лентасын қиып, өндіріс орнының жұмысымен танысты.

 

«AERO» автоклавты газоблок зауытының іске қосылуы – аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкер арасындағы тиімді әріптестіктің жарқын үлгісі. Бұл жоба ауданның инвестициялық тартымдылығын арттырып, халықты сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.

 

Айта кетейік, Ордабасы ауданында соңғы екі жылда 9 өндіріс орны іске қосылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылған.

Президенттік арнаулы әдеби сыйлыққа ие болған жас ақын-жазушылар белгілі болды

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы «2025 жылы қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты беру туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорда.

 

Биыл жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлық:

 

«Проза» номинациясы бойынша «Тергеуші» туындысы үшін Арман Ерланұлы Әлменбетке;

 

«Поэзия» номинациясы бойынша «Құмдағы хикая» өлеңдер жинағы үшін Саян Кенжеғалиұлы Есжановқа;

 

«Драматургия» номинациясы бойынша «Ақ киіз» драмалық шығармасы үшін Бауыржан Ширмединұлы Мұстафиевке;

 

«Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша «Жазда атамның ауылында…» өлеңдер жинағы үшін Асылан Біржанұлы Тілегеновке берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президентімен телефон арқылы әңгіме өрбітті

0

QULAGER.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әңгіме өрбітті, деп хабарлайды Ақорда.

 

Мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібі мен халықаралық ахуал, соның ішінде Украина проблематикасы жөнінде пікір алмасты.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев биыл қараша айында Вашингтонға жасаған сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды толық іске асыруға ниетті екенін айтты.

 

Қазақстан Президенті Украина қақтығысын реттеудің күрделі сипатына назар аударды. Өйткені бұл шиеленісте территориялық келіспеушілік басты мәселеге айналып отыр. Сондықтан қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, екі жақтың мәмілеге келуі маңызды.

 

Еліміз барлық тарапты төзімділік, икемділік және кәсібилік танытып, бейбітшілік формуласын іздеуді жалғастыруға шақырады. Бұл ретте Қазақстан араағайын емес, бірақ қажет болған жағдайда келіссөз алаңын ұсынуға дайын.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың көшбасшылық қасиеті арқасында бірқатар халықаралық әскери қақтығыс тоқтап, АҚШ-тың ішкі әлеуетін күшейтуде оң нәтижеге қол жеткізілгенін атап өтті.

 

Мемлекет басшысы Америка Президентін өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Бұл екіжақты қарым-қатынастағы тарихи уақиға болатынына сенім білдірді.

Мемлекет басшысы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасын қабылдады

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

 

Президентке холдингтің биыл атқарған қызметінің қорытындылары, сондай-ақ ұйымды трансформациялау және экономикалық дамудың стратегиялық басымдықтарын іске асыру аясында жүргізілген жұмыстар жөнінде баяндалды.

 

Рустам Қарағойшин биыл холдинг ел экономикасына жалпы сомасы 9 триллион теңге қолдау көрсеткенін айтты.

 

Қаражат бизнеске жәрдем беруге, агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, тұрғын үй құрылысы мен ипотекалық несиелерге бағытталған.

 

Осы жылы республика бойынша 25 мыңға жуық жоба қаржыландырылғаны жөнінде ақпарат берді.

 

«Даму» қоры базасында құрылған кепілдік қорларының қызмет нәтижелерін таныстырды.

 

Аталған қорлар шағын және орта бизнес жобаларын, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі мен инфрақұрылым салаларындағы ірі инвестициялық бастамаларға көмек көрсетеді.

 

Инвестициялық холдингтің жұмыс моделі туралы мәлімдеді.

 

Бұл «Инвестицияға тапсырыс» қалыптастыру, ірі стратегиялық жобаларды сүйемелдеу, сондай-ақ тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тетіктерін дамытуды қарастырады.

 

Қазір жалпы құны 87 триллион теңгеге жуық, 1,5 мың инвестициялық жобадан тұратын пул жасақталды.

 

Президент инвестициялар тарту және экономиканың нақты секторын қаржыландыру аясын кеңейтудің маңызын атап өтті;

 

«Бәйтерек» холдингіне басым инвестициялық жобаларды одан әрі іске асыруды және экономикаға ұзақ мерзімді капитал тартуды қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді.

Түркістанда «Ән аға-жан аға» атты гала-концерт өтті

0

Түркістан облыстық Мәдениет басқармасына қарасты Ш. Қалдаяқов атындағы филармония өнер шеберлерінің кезекті Ш.Қалдаяқовтың 95 жылдығына және Өнер ордасының жылдық қорытындысына арналған «Ән аға-жан аға» атты Гала-концерті өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Фойеде «Тұмар» этно-фольклорлық ансамблі Шәмші әндерін әуеніне қосып көрерменді қарсы алды. Сондай-ақ әнсүйер қауым Шәмшінің өзі қолданған бұйымдарын арнайы әзірленген музейден тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Фуршет дастарханынан Шәмші ауылынан келген құрт, ірімшіктен ауыз тиіп, поно-тақтайшалары арқылы Шәмші Қалдаяқовтың ел аузында жүрген әндерінің шығу тарихынан хабардар болды.

 

«Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өткен кеште филармония өнер шеберлерінің орындауында Шәмшінің таңдаулы әндері шырқалды. Ән падишасының өмірі мен шығармашылығына арналған бейне роликтер лэд экран арқылы көрерменге көрсетілді.

 

Концерттің шымылдығын Филармонияның дәстүрлі әншілері «Отырардағы той» әнімен ашты. Өнерпаздарды 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестр, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі, «Тұмар» этно фольклорлық ансамблі сүйемелдеді. Сонымен қатар кеште «Фараб», «Ғасыр» би ансамбльдері өнер көрсетті.

 

Кеште ҚР Ерен еңбегі үшін медалінің иегерлері Наркенже Серікбаева, Хадиша Сейітова, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Айдар Тұрғанбек, халықаралық байқаулардың жеңімпазы «Сарын» тобы және филармонияның өзге де талантты өнер майталмандары өнер көрсетті.

 

Айта кетсек, Ш. Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнер ұжымы жылды сәтті қорытындылап, келер жылы ауқымды концерттік жобаларын көрерменге ұсынатын болады.

290 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді

0

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 290 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 54 мың отбасындағы 290,6 мың адамға 30,3 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 98,4 млрд теңге қарастырылған, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

 

АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

 

АӘК мыналарды көздейді:

— табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;

— табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. Ағымдағы жылдың 1 желтоқсанына АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 90,5 мың балаға 3,7 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;

— жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

 

Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ Электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Өңірлерде шағын бизнесті қолдауға жыл сайын 400 млрд теңге бөлінеді

0

QULAGER.KZ. Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Үкімет отырысында ауылдар мен шағын қалалардағы өндірісті дамытуға бағытталған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Ukimet телеграм арнасы.

 

«Бағдарлама ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеу, шағын наубайхана, жиһаз және құрылыс материалдарын өндіру сияқты тез нәтиже беретін, технологиялық жағынан қарапайым, жылдам жүзеге асырылатын жобаларға бағытталған», – деп атап өтті Серік Жұманғарин.

 

Қаржылық шарттар

Бағдарламада екінші деңгейлі банктер арқылы жыл сайын 400 млрд теңге несие бөлу қарастырылған.

Несие: бір жобаға 200 млн теңгеге дейін.

Мөлшерлемесі: ~8,8% (40%-ы мемлекеттен субсидияланады).

Мерзімі: 3 жылға дейін.

«Даму» беретін кепілдік: кепілге қоятын заты жоқ немесе  жеткіліксіз болған жағдайда қарыз сомасының 85%-ына дейін.

 

Ресурстар мен инфрақұрылым

Серік Жұманғариннің айтуынша, бизнес ақшаны ғана емес, нақты ресурстарды да ала алады, олар – жеңілдікпен үй-жайларды, жер телімдерін жалға алу және коммуникациялар жүргізу. Өндірісті тиімді іске қосу үшін сервистік сүйемелдеу және сол салаға бағытталған онлайн-оқыту курстары енгізілуде. Бұл ретте мемлекеттік қолдауды алуда басымдық «Ауыл аманаты» және «Бір ауыл – бір өнім» жобаларына қатысушыларға беріледі.

 

Өтінімді қалай беруге болады?

Өтінімдерді беру egov.business және Damu Online порталдары арқылы автоматтандырылған түрде жүргізіледі. Шалғай аудандар үшін көшпелі формат қарастырылған: арнайы мобильді кеңселер (автобустар) жергілікті жерлерде кеңес беріп, құжаттарды қабылдайды.

Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен кездесті

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен кездесті, деп хабарлайды Ақорда.

 

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:

– Жаңа жыл қарсаңында дәстүрге айналған Петербургтегі кездесуіміз мазмұнды өтті. Біз ЕАЭО қызметіне қатысты бірқатар мәселені қарастырып, шешімдер қабылдадық. ТМД форматы аясындағы ықпалдастықтың аса маңызды, өзекті мәселелері талқыланды. ТМД – беделді әрі заман талабына сай халықаралық ұйым. Биыл өзара ынтымақтастығымыз табысты болғаны сөзсіз. Екіжақты қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. 12 қарашада Ресейге жасаған мемлекеттік сапарым өте нәтижелі өтті. Сол сапар барысында қонақжайлық танытқаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін. Қазақстан Ресеймен стратегиялық серіктестік және одақтастық байланыстарға ерекше мән береді. Біз Қазақстан мен Ресей азаматтарының күнделікті тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелерде бірге әрекет етуіміз қажет. Ынтымақтастығымыз бен стратегиялық серіктестігімізді нығайтуға бағытталған ортақ жұмысымыз қос халықтың түпкі мүддесіне сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

 

Владимир ПУТИН:

– Біз кешеден бері біраз жұмыс атқардық. Бүгінгі бейресми кездесу барысында ҰҚШҰ, ТМД аясындағы қызметімізді және екіжақты ынтымақтастық жағдайын талқыладық. Дегенмен Сізбен Қазақстан және Ресей арасындағы өзара байланыстардың басым бағыттарын дамыту үшін арнайы кездескеніме қуаныштымын. Менің ойымша, барлық сала оң қарқынмен алға ілгерілеп келеді. Екі ел арасында шешілмеген немесе түйткілді мәселе жоқ, – деді Ресей Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты

0

QULAGER.KZ. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуіне қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

 

Тәуелсіз мемлекеттер достастығына мүше елдер басшыларының кездесуіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қатысты.

 

ТМД басшылары өзара ынтымақтастықтың негізгі даму бағдары мен қадамдарын талқылады.

 

Сондай-ақ Ұйым аясындағы ықпалдастықтың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.