Home Blog Page 59

Мемлекет басшысы Жоғарғы Сот төрағасын қабылдады

0

QULAGER.KZ. Президентке сот төрелігін іске асырудың былтырғы қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды, деп хабарлайды Ақорда.

Асламбек Мерғалиев сот төрелігінің сапасы тұрақты түрде сақталғанын айтты.

Жоғары тұрған сот сатылары сот актілерінің 98,8 пайызын түзетпеген.

Әкімшілік әділет аясындағы жүйелі шаралардың нәтижесінде мемлекеттік органдармен арадағы даулар кезінде азаматтардың құқығын қорғау көрсеткіштері жақсарды: әкімшілік органдар мен лауазымды тұлғалардың 4,5 мың актісі заңсыз деп танылды.

Татуластыру рәсімдерін қолдану үлесі азаматтық істерде – 45,9 пайызды, әкімшілік істерде 11,8 пайызды құрады. Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс саны 11,8 пайызға азайды (500 мыңнан 441 мыңға дейін төмендеді).

Рақымшылық актісін жариялау арқылы 583 адам жазадан, 5 мыңнан аса сотталушы жазасын одан әрі өтеуден босатылды, 9,2 мың адамның жаза мерзімі қысқартылды.

Қамауда ұстауға рұқсат беруден бас тарту үлесі 25,7 пайыздан 37,5 пайызға дейін артты.

Оның орнына үй қамағына алу екі есе жиі тағайындалды (2786-дан 5019-ға дейін ұлғайды). Бұған электронды браслетті кеңінен қолдану ықпал етті (954 адамнан 2283 адамға дейін). Бұл бюджет шығындарын оңтайландыруға және тергеудегі азаматтардың қоғаммен қарым-қатынасын сақтауға мүмкіндік береді.

Кассациялық сотқа сұраныстың жоғары екені байқалды. Жарты жыл ішінде Кассациялық сотқа 16,2 мыңнан аса арыз-шағым мен наразылық түскен. Былтырғы осы кезеңде Жоғарғы сотқа 9,8 мың арыз-шағым жасалған болатын.

Кассация арқылы түзетілген сот актілерінің үлесі азаматтық істерде – 3 пайыздан 18 пайызға, қылмыстық істерде 8 пайыздан 28 пайызға дейін ұлғайды.

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, сот жүйесіне абсолютті сенім деңгейі 3 жылда, яғни 2023 жылдан бері 55,2 пайыздан 63,2 пайызға дейін өскені жөнінде ақпарат берді.

Президент «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың, азаматтарға әділ сот төрелігін қамтамасыз етудің, сондай-ақ заң үстемдігіне басымдық беріп, қоғамның сот жүйесіне сенімін арттырудың маңызын атап өтті.

Ералы Тоғжанов Келестегі стратегиялық нысандарды аралады

0

ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Түркістан облысына келіп, Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысымен танысты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Сапар барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндап, нысандардың орындалу деңгейі туралы ақпарат берді.

 

Жұмыс сапары алдымен Ақсу елді мекеніндегі ауыз су құрылысынан басталды. Жауапты мамандар жобаның іске асырылу барысы мен тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіштері туралы мәлімет ұсынды.

 

Бұдан кейін Жуантөбе елді мекеніндегі ауыз су жүйесінің құрылысы қаралды. Мұнда су құбырларын тарту, насос стансасын орнату және тұрғын үйлерді орталықтандырылған жүйеге кезең-кезеңімен қосу жұмыстары жүргізілген.

 

Сондай-ақ Жаңадәуір ауылындағы ауыз су нысанының жай-күйі пысықталды. Сонымен бірге Ескіқорған, Құйған және Қияжол елді мекендеріндегі ауыз су құрылыстарының барысы зерделенді. Аталған ауылдарда нысандардың жұмысы көрсетіліп, тұрғын үйлерге арнайы барып, орталықтандырылған су жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғаны тексерілді.

 

Ералы Тоғжанов ауыл тұрғындарымен кездесіп, сапалы ауыз сумен қамтудың маңыздылығын атап өтті. Тұрғындар жаңа су жүйесінің игілігін көріп отырғандарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.

 

Айта кетейік, өткен жылы Келес ауданында 13 ауылды ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Жобалар қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылды.

Түркістан облысында ең ірі жылыжай кешені іске қосылады

0

Түркістан облысында еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешені іске қосылады, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауыл округіндегі 51 гектар аумақта жылыжай кешенінің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы Алмас Дауытовты қабылдады. Кездесуде тараптар жобаны іске қосу жайын кеңінен талқылап, атқарылып жатқан жұмыстарды саралады.

 

– Келес ауданында жүзеге асырылып жатқан «Ecoculture-Eurasia» өнеркәсіптік жылыжай кешені – өңіріміздің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін маңызды жоба. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігі ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бөлігі екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл бағытта отандық ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту және импортқа тәуелділікті азайту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Осы тұрғыда «Ecoculture-Eurasia» компаниясының өнеркәсіптік жылыжай кешенін іске асыру жобасының маңызы ерекше. Жоба аясында жылына 25 мың тоннаға дейін қызанақ өнімін өндіру арқылы өңір тұрғындарын жыл бойы сапалы отандық өніммен қамтамасыз етуге, ішкі нарықты тұрақтандыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға нақты үлес қосылады. Жергілікті тұрғындарды оқытуға, кадрлардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін атап өткім келеді. Бұл – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары әрі ұзақ мерзімді дамуға бағытталған көзқарастың айқын көрінісі. Әкімдік тарапынан жобаға қажетті барлық ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық қолдау көрсетіледі. Біз «Ecoculture-Eurasia» компаниясымен өзара тиімді, сенімді әріптестік орнайтынына сенімдіміз, – деді Нұралхан Оралбайұлы.

 

«Ecoculture-Eurasia» ЖШС құрылтайшысы жобаны іске қосу бойынша қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізіп, қазіргі жағдайды баяндады.

 

– Өңір қарқынды дамып келеді. Біз жүзеге асырып жатқан ауқымды жоба да аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп сенемін. Қажетті инфрақұрылым толықтай жеткізілді. Бұл бағытта көрсетілген қолдау үшін ресейлік серіктестеріміз де ризашылығын білдіруде. Жастарды Ресейге тәжірибе алмасуға жіберу, сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жыл бойы, яғни жылдың төрт мезгілінде де тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Сонымен қатар жылыжай кешенінің аумағын кезең-кезеңімен 500 гектарға дейін ұлғайтуды көздеп отырмыз, – деді Алмас Дауытов.

 

Облыс әкімі Келес ауданында шағын өндірістік парк құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Аталған паркте өнімдерді қаптау, өңдеу және консервілеу цехтарын ашуға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Бұл өз кезегінде логистикалық шығындар едәуір қысқартып, шағын және орта бизнестің дамуына серпін берері сөзсіз.

 

Жобаны іске асыруға 42 млрд теңге инвестиция салынуда. Жылыжайда жылына 25 000 тонна қызанақ өсірілмек. Жоба толық іске қосылғанда, 800 жаңа жұмыс орны ашылады. Жобаны «Қазақстанның Даму банкі» АҚ тарапынан қаржыландыру мақұлданған. 2023 жылы 23,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлінген. Жылыжай толық Нидерланд елінен алып келінген жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде кешеннің 40 гектар аумағында жылыжай блоктарының металл конструкциялары орнатылды. Сыртқы және ішкі желілері бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар әкімшілік-тұрмыстық кешенінің ғимараты, материалдық-өндірістік қоймалары, бақылау-өткізу пунктінің құрылысы жүргізілуде. Қазандық және төтенше жанар-жағармай қоймасының құрылысы аяқталды. 8 жылыжай блогы және техникалық дәліз орнатылуда. Оның 4 блогы мен техникалық дәлізі іске қосылды. Кешеннің ресми ашылуы көктемде өтеді деп жоспарланып отыр.

 

Айта кетейік, өткен жылы жалпы жылыжай көлемі 75 гектарға өсіп, 1715 гектарды құраған. Бұл жұмыстар өңірдің аталған саладағы үлесін 76 пайызға жеткізіп отыр. 2025 жылы жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі, 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон мен 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

Президенттің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы ауысты

0

QULAGER.KZ. Президенттің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы ауысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

 

Мемлекет басшысының өкімімен Айбек Серікбайұлы Смадияров Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.

Қазақстанда туризмге салынған инвестиция көлемі 32%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгеден асты

0

QULAGER.KZ. Халықаралық туристерді тарту және заңнамалық қолдау – Президенттің саланың даму қарқынын екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға басты негіз. Үкімет отырысында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі жұмыс қорытындылары мен жоспарлары туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

 

Оның айтуынша, негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалып отыр, мәселен, орналастыруға арналған орындарда туристер саны 12%-ға артып, 10 млн адамнан асқан. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық индексінде Қазақстан 66-дан 52-орынға көтеріліп, өз позициясын жақсартты. Алдағы уақытта Топ-50 елге кіру мақсаты қойылды.

 

«Капиталды тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша салаға тартылған инвестициялар көлемі 32%-ға өсіп, 1,2 трлн теңгені құрады. Жүзеге асыру сатысында тұрған Hilton, Mandarin Oriental кешендерінің, «Ой-Қарағай» курортының және Keruen Inn желісінің құрылысын қоса алғанда, сала бойынша 328 жоба бар. Бұл 10 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді», – деді министр.

 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Алматы тау кластерін, Щучье-Бурабай курорттық аймағын және Маңғыстауды дамыту жоспарлары бекітілді.

 

Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, Алматы өңіріндегі курорттар бірыңғай жүйеге біріктіріледі: 30 жаңа аспалы жол және 161 шақырым шаңғы трассасы пайда болады. Бұл маусым қызған шақта жүктемені азайтуға және туристік ағымды 5 млн адамға дейін жеткізуге мүмкіндік береді. Жоба жоғары экономикалық әлеуетке ие, өйткені тау шаңғысы туристерінің шығындары орта есеппен $350 құрайды, бұл жағажай туристерінің шығындарынан 7 есеге көп.

 

«Щучье-Бурабай аймағында Қатаркөл және Жөкей көлдеріне жүктемені бөлу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы «Променад» аймағы, 10 шақырым веложолдар мен қарау алаңдары іске қосылды. Маңғыстауда «Жылы жағажай» және «Кендірлі» аймақтарына басымдық беріліп отыр. Абаттандырылған жаяу маршруттар, қарау алаңдары, визит-орталықтар құрылады. Туристік өнімді кеңейту есебінен қонақтардың болу ұзақтығын 10 күнге дейін және 2029 жылға қарай ағымды тағы 150 мың адамға ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті министр.

Мемлекет басшысы Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Израильдің сыртқы істер министрін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.

 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Гидеон Саардың сапары Израильдің Қазақстанмен көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растайды.

 

Кездесуде сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ықпалдастықты жандандыруға, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару, сондай-ақ басқа салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға баса мән берілді.

 

Президент Гидеон Саардың Астанаға сапары аясында Қазақстан-Израиль бизнес форумын өткізуді қолдап, оның қорытындысы екі елдің инвестициялық серіктестігін кеңейтуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.

 

Сыртқы істер министрі Израильдің Қазақстанмен мемлекетаралық қарым-қатынастарды дамытуға және өзара байланыстарды жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге мүдделі екенін жеткізді.

 

Гидеон Саар Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көреген шешімі ретінде бағалады. Бұл тұрақтылықты, бейбітшілікті және халықаралық диалогты одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

 

Израиль сыртқы істер министрлігінің басшысы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларға жоғары баға беріп, аталған бастамаларды табысты жүзеге асыруға тілектестік білдірді.

 

Кездесу барысында халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды.

 

Мемлекет басшысы Израиль Президентіне жеделхат жолдады

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы Израиль Президенті Ицхак Герцогқа Халықаралық Холокост құрбандарын еске алу күніне орай жеделхат жолдады, деп хабарлады Ақорда.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатта Қазақстан халқы Холокост жылдарында қаза болған миллиондаған жазықсыз құрбанды еске алатынын атап өтті.

 

– Еліміз этникалық және діни өшпенділік пен зорлық-зомбылықтың кез келген түрін қатаң айыптайды, адамзатқа қарсы мұндай қылмыстың қайталануына жол бермеу жөніндегі халықаралық қоғамдастықтың ортақ күш-жігерін қолдайды. Қазақстан Холокост жылдарында жер аударылған көптеген еврейге мекен болды. Бүгінде еврей қауымдастығы қоғамымыздың ажырамас бөлігі саналады, – делінген жеделхатта.

Түркістанда білім сапасын көтеру жұмыстары күн тәртібінен түспейді

0

Түркістан қаласындағы білім саласы үшін 2025 жыл толағай табыстарға, жаңа бастамаларға толы жыл болған, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Ел болашағының жарқын болуы білімді азаматтарға тікелей байланысты. Сондықтан қай мемлекетте, қай өңірде болмасын, өскелең ұрпаққа білім беру және сапасын көтеру жұмыстары ешқашан күн тәртібінен түспейді. Сәйкесінше, Түркістан қаласындағы білім саласы үшін 2025 жыл толағай табыстарға, жаңа бастамаларға толы жыл болған. Қаладағы білім беру мекемелерінде оңды өзгерістер орын алып, білім беру мен тәрбиелеу ісіндегі өзекті мәселелер оң шешімін тапқан. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің басшысы Төлімбет Бақытжан брифингте мәлім етті.

 

Спикердің айтуынша, бүгінде қалада жалпы 249 білім беру мекемесі жұмыс істеп тұр. Оның 86-сы жалпы білім беретін мектеп болса, 152-сі мектепке дейінгі ұйымдар. Мектептен тыс мекемелер саны – 6. Бүгінгі таңда жалпы білім беретін мектептерде 59508 оқушы білім алып жатса, мектепке дейінгі ұйымдарда 2-6 жас аралығындағы 17776 бала тәрбиеленуде. Мектептен тыс мекемелерде 3429 бала түрлі үйірмелерге қатысып жүр. Жалпы білім беру ұйымдарында 5606 педагог жұмыс істесе, балабақшаларда 1389 тәрбиеші тер төгіп жүр.

 

«Түркістан қаласында 152 мектепке дейінгі ұйым қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда балабақша кезегінде балалар жоқ, яғни балабақшамен қамту көрсеткіші 100%-ды құрайды. 18 мемлекеттік, 131 жекеменшік балабақша толықтай ваучерлік жүйеге енгізілді. 3 мемлекеттік балабақша санаторлық және мектеп-балабақша болғандықтан ваучерлік жүйеге енгізілмеген. Қажетті құжаттарының толық болмауына байланысты 4 жекеменшік балабақшаны қаржыландыру тоқтап тұр. Түркістан қаласы білім сапасы бойынша облыс көлемінде алдыңғы орында. 2024-2025 оқу жылында білім сапасы 60% болса, 2025-2026 оқу жылының І тоқсанында 57,88%, ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша 60,78% болып тұр. Тоқсан сайын білім сапасы талданып, сапасы төмен пәндер бойынша және мектептермен әдістемелік жұмыстар жүргізілуде. Өткен оқу жылында 178 оқушы «Алтын белгіге», 250 оқушы «Үздік аттестатқа» ие болды. 9-сыныпты бітіргендер арасында 350 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 11-сыныпты бітірген 3063 оқушының 2468-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, сынақты сәтті тапсырды. Түркістандық оқушылар арасында ең жоғары 137 ұпайға 1 оқушы ие болды. Сондай-ақ, 9 оқушы 130-133 балл, 63 оқушы 121-129 балл, 105 оқушы 111-120 балл, 139 оқушы 101-110 балл аралығында жинады. Өткен оқу жылында бітірген оқушылардың 53,1%-ы мемлекеттік грант негізінде оқу орындарына қабылданды. Өткен оқу жылында 108 оқушы облыстық олимпиадаларда, 9 оқушы Республикалық олимпиадаларда жүлдегер атанса, 2025-2026 оқу жылының алғашқы жартыжылдығында өткен облыстық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарында 76 оқушы жүлдегер атанды және 28 оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. 33 оқушы түрлі республикалық байқауларда жүлдегер атанды», — деді Бақытжан Нұрмаханбетұлы.

Түркістан қаласында білім сапасын көтеру, педагогтардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және оқушыларды олимпиадаларға дайындау мақсатында әдістемелік жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр екен. Атап айтқанда, педагогтар үшін оқыту семинарлары, тәжірибелік семинарлар, семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, шебер-сыныптар, конференциялар мен байқаулар өткізілуде. Ал оқушылар үшін олимпиадалар, ғылыми жоба конкурстары, шебер-сыныптар, байқаулар, слеттар, спорттық жарыстар мен оқулар ұйымдастырылып келеді.

 

Білім сапасын көтеру мақсатында бөлімге қарасты мектептерде бірнеше жоба да іске асырылып жатыр екен. Соның ішінде 2025-2026 оқу жылынан бастап үйірме ретінде «Яссауитану» пәні оқытылып жатқанын айта кету керек. Педагогтардың білімін жетілдіру жұмысына да басымдық берілген. Бүгінге дейін педагогтардың барлығы курстарда біліктілігін арттырып үлгерген.

 

2025 жылдан бастап Оқу-ағарту министрінің бұйрығы негізінде бөлімге қарасты білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылып жатыр. Былтырғы тамызда барлық білім беру ұйымдары директорларының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына арналған семинар өткізіліп, бағдарламаның мақсат-міндеттері түсіндірілген. Бағдарлама аясында оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеу және ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру, құқықтық тәрбие беру, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында іс-шаралар жоспарын жасау жұмыстары атқарылған. Бағдарлама аясында «Қауіпсіз балалық шақ», «Қауіпсіздік сабағы», «Құқықтық тәрбие: құқықбұзушылықтың алдын алу», «Жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген отбасылық тәрбие әдістері», «Алғашқы қазақ мектебінің құрылғанына 160 жыл», «Көркем әлем», «Мектеп Президенттері ел болашағының елшілері», «Шынайы шеберлік – адал еңбекте», «Бала. Отбасы. Қоғам», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Балалар кітапханасы», «Қамқор», «Еңбегі адал жас өрен», «SMART BALA» жобалары жүргізілген. Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында 48 семинарлар мен кездесу, ұл балалардың қатысуымен 105 іс-шара, 35 жоба аясындағы іс-шаралар ұйымдастырылған. Қыркүйек айынан бастап «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – балалар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың әлеуметтік және психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мінез-құлқындағы ауытқушылықтарды ерте анықтап, оларды түзету үшін қажетті шараларды қабылдау. Бұл мақсатқа жету үшін балаларға құқықтық тәртіпті түсіндіру, оларды дұрыс тәрбиелеу, әлеуметтендіру және психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізіледі. Жоба аясында жоспар әзірленіп, іске асырылып жатыр.

 

«2025 жылы балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және сауықтыру мақсатында бөлімге қарасты балалар лагеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Лагерге қосымша 200 орынды 10 модульді жатақхана орнатылды. Осылайша қала сыртындағы лагерде 1450 бала тегін демалды. Сондай-ақ, мектепішілік лагерь жұмысы ұйымдастырылып, 1-4 сынып аралығындағы балалар шақырылды. Жасөспірімдердің психологиялық жағдайын тұрақтандыру мақсатында білім бөліміне қарасты мектептер облыстық психологиялық қолдау орталығымен бірлесіп, кешенді жұмыс жүргізуде. Әр ай сайын мектептерге әдістемелік көмек беріліп жатыр. Оқушыларды психологиялық қолдау, стрессті басқару және оқушылардың эмоционалды ахуалын тұрақтандыру бағытында қазан-қараша айларында бірнеше іс-шара өткізіліп, жоғары сынып оқушыларынан сауалнама алынды. Педагог-психологтар 2025-2026 оқу жылына арналған жұмыс жоспарына сәйкес, тәуекел тобына жататын балаларды зерделеді. Тиісінше, жеке жұмыс жоспары түзіліп, психологиялық профилактикалық жұмыстар, психологиялық тренингтер, жеке және топтық түзету, дамыту жұмыстары жүргізілу үстінде. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде өзіне-өзі қол жұмсау фактілері азайды. 2025 жылы бөлімге қарасты 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. 9 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Қайта жаңғырту бағдарламасына 11 мектеп енгізілген. Олардың төртеуі былтыр қайта жаңғыртылды. 2025 жылы 2 жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Яссы» секторы мен «Жаңа қала» мөлтек ауданында «Келешек мектептері» жобасы аясында 1200 және 2000 орынды мектеп ашылды. 2026 жылы А.Юсупов көшесінде 900 орынды мектеп құрылысын жүргізу жоспарланған. Аталған мектеп ашылған кезде 3 ауысымға көшу қауіпі бар №2 Хамза, №15 М.Жұмабаев және №20 Р.Исетов атындағы мектептерден оқушылар ауысады. Түркістан қаласындағы 38 мемлекеттік мектеп 100% интернетпен қамтамасыз етілген. Білім беру ұйымдарына бейнебақылау камералары орнатылып, облыстық полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған. Турникеттер мен дабыл батырмаларының қалыпты жұмыс істеуі жіті бақылауда. Оқыту және бағалау жұмыстары «Bilim land» платформасы арқылы жүргізіледі. Мектеп асханалары да цифрландырылып, Face ID, «Alaqan» жүйесімен жұмыс жүргізілуде. 2025-2026 оқу жылы қарсаңында оқушыларды оқулықпен қамтамасыз ету үшін 124 949 дана оқулыққа тапсырыс берілді. Оқулықтар толық жеткізіліп, мектептерге үлестірілді. Қазіргі таңда мектептерде оқулық тапшылығы жоқ. Бөлімге қарасты 4 мектеп пен 2 балабақша орталықтандырылған жылу жүйесімен жылытылады. 34 мектеп, 19 балабақша, 6 мектептен тыс мекеме сұйытылған газ қазандығын пайдаланады. Жылыту маусымы алдында жылу жүйелері толықтай гидравликалық қысымдаудан өткізіліп, дайындықтары пысықталды. Мектептер мен балабақшаларда жылуға байланысты мәселе туындаған емес. Барлық білім беру мекемелерінде жылу маусымына дайындық жүргізіліп, акт жасалынған. Қазіргі таңда жылу қалыпты деңгейде берілуде», — деді спикер.

 

Бүгінде оқушыларды ыстық тамақпен қамту мәселесі мемлекеттік деңгейде бақыланады. Тиісінше, қалалық бөлімге қарасты 36 мектепте асхана және 1 мектепте буфет жұмыс істеп жатыр екен. Асханалардың сыйымдылығы – 5369 орын. 30 мектепте 4 ауысымда, 2 мектепте 3 ауысымда, 2 мектепте 2 ауысымда, 3 мектепте 1 ауысымда ыстық тамақ беріледі. 33 мектепке «Е-асхана» жүйесін орнату бойынша келісімшарт түзіліп, тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр екен. Жалпы, қаладағы мектептерде 17481 оқушы ыстық тамақпен қамтылған. Оның 15124-і 1-4 сынып оқушылары болса, 2357-сі әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балалары.

 

Түркістан қаласы білім бөліміне қарасты мекемелерге 2024 жылы 50 млрд. 556 млн. 545 мың теңге қаралған болса, 2025 жылға бөлінген 53 млрд. 813 млн. 972 мың теңге толық игерілген. Бөлімге қарасты 34 мектеп жан басына қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеп жатса, 4 мектеп бұл жүйеге енгізілмеген. Білім мекемелері түгелдей «Фаворит» жүйесімен жұмыс істеуге көшіріліп, салық төлемдері дер кезінде жүргізіліп жатыр екен.

 

Бөлім басшысының айтуынша, білім бөліміне «Түркістан қаласының 2025 жылға арналған түйінді индикаторлардың жоспарын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес 4 тапсырма берілген. Олардың ішінде 2-6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту, жасөспірімдер арасында суицид фактілерін азайту, балаларды қосымша үйірмелермен қамтамасыз ету деңгейін көтеру тапсырмалары толық орындалыпты. Ал, Д және Е деңгейдегі мектепке тіркелмеген балаларды тіркеу бойынша әлі де жұмыс жүргізілуде. Төлімбет Бақытжан брифингте шешімін тапқан өзекті мәселелерге де тоқталды.

 

«Түркістан қаласының білім саласында осы уақытқа дейін біршама өзекті мәселе бар болатын. Қала әкімдігі және облыстық білім басқармасымен жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде мәселелер шешіліп келеді. Атап айтсақ, осы уақытқа дейін 3 мектептен тыс мекеменің өз ғимараты болмаған. Жүргізілген ауқымды жұмыстар нәтижесінде «Саз мектебі» бұрынғы өз ғимаратына көшірілді. Күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталған бұрынғы қалалық сот ғимараты «Өнер орталығына» айналды. Талапқа сай қайта жабдықталған ғимаратқа балалар мен жасөспірімдер орталығы және «Өнер мектебі» қоныстанды. Ғимарат салтанатты түрде ашылды. Осылайша мектептен тыс мекемелердің ғимаратқа қатысты мәселелері толығымен шешілді. Түркістан қаласында 3 ауысымдылық толығымен жойылды. Апатты жағдайдағы мектептер жоқ. Барлық мектепте ішкі әжетхана жұмыс істеп тұр. Сыртқы әжетханалар жабылған. Қазыбек би атындағы №14 жалпы білім беретін мектептің ғимараты санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмегендіктен осы уақытқа дейін қорытынды берілмеген. Онымен қоса, ата-аналар, елді мекен азаматтары қала, облыс әкімдеріне мектептің тарлығы, талапқа сай келмейтіндігі туралы бірнеше рет өтініш жолдап, жаңа ғимарат салуды сұраған. Қазіргі таңда мектеп жанынан салынған жеке мектепті мемлекеттік сатып алу арқылы алып, аталған мектепке беру жұмысы жүргізілуде. Осы сәтті пайдалана отырып, екі ұсынысымды жеткізгім келеді. Бірінші мәселе, оқу жылында оқушылардың, педагогтардың қатысуымен жүздеген іс-шара өткізіледі. Олардың ішінде олимпиадалар, байқаулар, ғылыми жоба жарыстары, конференциялар, спорттық жарыстар сияқты маңызды шаралар бар. Осы орайда база мәселесі қиындық тудырады. Мектептердің барлығында толымдылық жоғары. Мысалы мыңдаған оқушы қатысатын пәндік олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарын өткізу үшін бір мектепті толық босатып алу қажет болады. Бірақ бұлай істеу мүмкін емес. Сондықтан бірнеше мектепке бөліп өткізу әдісі қолданамыз. Мәселе мұнымен де шешілмейді. Себебі бұл маңызды білім сайыстарын бір жерден бақылауға, академиялық адалдықты сақтауға кедергі келтіреді. Іс-шара өткізіліп жатқан мектептегі білім беру процесіне де кері әсер етеді. Облыс орталығы болғандықтан басқармаға қарасты орталықтар ұйымдастыратын іс-шаралардың басым бөлігі қаладағы мекемелерде өтеді. Мұндай сәтте де бос бөлмелердің болмауы, қажетті жабдықтардың жетіспеушілігі, мектеп жоспарымен өткізілетін іс-шаралармен тұспа-тұс келуі сынды проблемалар туындайды. Оған қоса, соңғы жылдары ата-аналар тарапынан да мектептерде басқа іс-шаралардың өткізілуі сабаққа кедергі болып жатқандығы туралы шағымдар көптеп түседі. Сондықтан облыс орталығында оқушылар арасындағы олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарын, байқауларды, спорттық жарыстарды және өзге де іс-шараларды өткізуге арналған арнайы орталық ашу қажет деп ойлаймын. Екінші мәселе, отбасының цифрлық картасындағы Д және Е деңгейдегі отбасы мүшелерінің 6-15 жас аралығында мектепке тіркелмеген балаларын анықтау және тіркеудегі қиындықтар. Түркістан қаласында мектепке тіркелмеген 240 білім алушыны анықтау бойынша тапсырма берілген. Жүйеден қарау нәтижесінде қайтыс болған 5 бала, шетелде оқитын 25 бала, басқа ауданға көшкен 20 бала, тіркелген 3 бала, 1-сыныпқа баратын 5 бала анықталды. Басқа балаларды да анықтау мақсатында көрсетілген мекенжайлар толық зерттелді. Дегенмен, көрсетілген оқушылар аталған мекенжайда тұрмайтындығы белгілі болды. Яғни, көрсетілген оқушылардың мекенжайын анықтау қиындық тудырып отыр. Бұл индикаторлық тапсырмаларды орындауға да кедергі болуда», — деді бөлім басшысы.

 

Аталған брифингке «Балалар мен жасөспірімдер орталығының» директоры Бекарыс Шойбеков те қатысып, мектептен тыс мекемелердің және түрлі үйірмелердің жұмысынан ақпар берді. Ал, Ж.Жабаев атындағы №11 жалпы білім беретін мектептің директоры Алтыбаева Мейрамкүл мен «Балбөбек» балабақшасының меңгерушісі Кубесова Айсұлу өз салаларындағы жаңалықтарды бөлісіп, БАҚ өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

2026 жылы энергокешенді цифрландыру бойынша қандай жұмыстар атқарылады?

0

QULAGER.KZ. Мемлекет басшысы 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Энергетика министрлігі отын-энергетика кешенінің негізгі процестеріне жасанды интеллект технологияларын жүйелі түрде енгізіп келеді, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

 

Министрліктің тәсілі эксперименттік әзірлемелерге емес, инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, апаттылықты төмендетуге және шығындарды оңтайландыруға бағытталған қолданбалы пилоттық жобаларды іске асыруға негізделген.

 

Қазіргі уақытта салада үш негізгі практикалық кейс жүзеге асуда:

 

Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, электр беру әуе желілерін ЖИ-дефектоскопиялау. Компьютерлік көру және машиналық оқыту технологиялары 4K-камералар, жылу анықтау және лидар жүйелерінен алынған деректер негізінде тірек конструкциялары мен сымдардағы ақауларды, қызып кетулерді, деформацияларды және басқа да жасырын тәуекелдерді автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Бұл жоба шығындарды қысқарту есебінен 2,5 млрд.теңге көлемінде экономикалық тиімділік береді деп күтілуде;

 

Акустикалық резонанс технологиясына негізделген жылу желілерінің роботтандырылған құбырішілік диагностикасы. Бұл шешім жүйені ашпай-ақ және тоқтатпай-ақ құбырлардың жай-күйін нүктелік бағалауды қамтамасыз етеді. Бұл шешім жөндеу жұмыстарын тиімді жоспарлау арқылы 42 млрд теңге көлемінде экономикалық нәтиже бермек;

 

Газ саласына арналған ЖИ-ассистент, ол мобильді қосымшада түсірілген фотосурет арқылы газ есептегіштердің көрсеткіштерін автоматты түрде таниды. Бұл адам факторын азайтып, есепке алудың дәлдігін арттырады.

Аталған шешімдердің барлығы пилоттық режимде апробациядан өтіп, жоғары тиімділігін көрсетті: диагностика уақыты жеделдеді, апаттылық деңгейі төмендеді және ресурстарды үнемдеу айтарлықтай артты. Президент қойған міндеттерге сәйкес, 2026 жылы Энергетика министрлігі электр және жылумен жабдықтау салаларында ЖИ-шешімдерді пилоттық кезеңнен ауқымды енгізуге көшіруді жоспарлап отыр.

 

Басым бағыттардың қатарында: ЖИ-дефектоскопиядағы ақаулар классификаторларын кеңейту, магистральдық құбыржолдарда құбырішілік диагностика технологияларын енгізу, сондай-ақ газ саласындағы цифрлық сервистерді одан әрі дамыту бар.

 

Сонымен қатар, Министрлік жасанды интеллект технологияларын әзірлейтін отандық ІТ-компаниялармен қол қойылған меморандумдар аясында жүйелі ынтымақтастықты жалғастырады.

 

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы озық технологияларды жедел енгізуге және Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық әрі технологиялық тұрғыдан тәуелсіз салаға айналдыруға қуатты серпін береді.

Президент Бас прокуратурада жиын өткізді

0

QULAGER.KZ. Президент Бас прокуратурада жиын өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

 

Мемлекет басшысы елімізде ауқымды өзгерістер жасалып жатқанын және алдымызда Конституциялық реформа жүргізу, мүлде жаңа саяси жүйеге қадам басу міндеті тұрғанын айтты.

 

Сонымен қатар жаңа дәуірде барлық салаға цифрландыру мен жасанды интеллектіні жаппай енгізу жұмысымен белсенді түрде айналысу қажет екенін атап өтті.

 

– Қоғамымызға, жалпы елімізге заң үстемдігі, тәртіп мықтылығы ауадай қажет. Кейбір шет елдерде болып жатқан қазіргі өте күрделі ахуалды көріп, бұл саясатымыздың дұрыстығына бәріміздің көзіміз жетіп отыр, оған ешқандай күмән жоқ. Заң мен тәртіп мемлекеттік саясатымыздың негізгі қағидаты ретінде қабылдануы керек, бұл қағидатты жаңа Конституциямызға міндетті түрде енгізу қажет деп санаймын. Себебі бұл ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын, өміршең қағидат екені даусыз. Бас прокуратураның осы саладағы рөлі аса маңызды. Прокуратура қызметкерінің заңның бұзылуына бейтарап, селқос қарауға құқығы жоқ, – деді Президент.