Home Blog Page 173

Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған көрме ашылды

0

ҚР Ұлттық кітапханасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 80 жылдығына арналған «Қазақ өнерінің қара шаңырағы» атты кітап-экспозициялық көрмесінің ашылуы өтті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Экспозицияда Ұлттық кітапхана қорында сақталған екі мыңнан аса құнды деректер ұсынылды. Олардың қатарында сирек кездесетін кітаптар, мерзімді басылымдар, ноталық материалдар, компьютерлік дискілер мен күйтабақтар бар. Сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Ғылыми-ақпараттық кітапхана қорының қолжазбалары мен ноталық басылымдары ерекше назар аудартты», — делінген хабарламада.

Көрмеде Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбанованың мемориалдық үйінен әкелінген наградалар мен медальдар, Ахмет Жұбановтың қолданған домбырасы, киген киімдері және тарихи фотосуреттері көрсетілді. Сонымен қатар Құддыс Қожамияровтың сахналық киімі ұсынылды.

Сондай-ақ, іс-шарада Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы профессорлық-оқытушылар құрамының еңбектерінің тұсаукесері өтті.

 

 

147 мың теңгеден көп өтелмеген қарызы бар қазақстандықтар шетелге шыға алмайды

0

Енді 147 мың теңгеден, 3 айдан астам өтелмеген қарызы барлар қазақстандықтарға жол жүру шектеледі, деп жазады Stan.kz.

Бас прокуратураның, Әділет және Денсаулық сақтау министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының өкілдері қатысқан жиында осы мәселені талқылады.

“Әдетте, 147 мың теңгеден (40 АЕК) 3 айдан астам өтелмеген қарызы барларға жол жүру шектеледі. Шетелге шығуға шектеулердің тоқтатылуының жалғыз себебі — шетелде емделу қажеттілігі.Алайда талдау нәтижелері көрсеткендей, биылғы 10 ай ішінде сотқа жіберілген 1 768 қаулының 867-сі немесе әрбір екіншісіне санкция беруден бас тартылған. Рұқсат беруден бас тарту шетелде емделу қажеттілігі туралы дәлелдердің болмауына және өз елінде емделу мүмкіндігінің болуына байланысты”, — делінген хабарламада.

Деректерге сүйенсек, көбіне қарызы бар қазақстандықтар шетелге шығу үшін елімізде сәтті емделетін (остеохондроз, гастрит, артрит, пульпит және т.б.) ауруларын сылтау еткен. Сот орындаушылары заңда көзделмеген негіздер бойынша (қызметтік іссапарлар, жарыстарға қатысу, жақын туыстарын жерлеу және т.б.) жол жүруге уақытша шектеулерді тоқтату туралы қаулылар шығару жағдайларына жол берген. Ал енді 40 АЕК немесе 147 мың теңгеден, 3 айдан астам өтелмеген қарызы барларға жол жүру шектеледі.

Есірткіні заңсыз дайындағандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады

0

Мәжіліс депутаттары есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы заңнама бойынша өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қабылдады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Қылмыстық кодекске есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, өндіру үшін жауаптылықты көздейтін жаңа 297-1-бабы енгізіліп отыр.

Жазасы – мүлкі тәркіленіп он бес жылдан жиырма жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру. Ал 297-бабында есірткі заттарды өткізу мақсатында заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу үшін бес жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болады. Бұған дейін бес жылдан он жылға дейінгі жаза қолданылған. Ал ірі мөлшерде жасалған дәл сол іс-әрекеттер үшін алты жылдан он жылға дейін (бұрын алты жылдан он екі жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

«Лауазымды адам қызмет бабын пайдаланып жасаған дәл сол іс-әрекеттер үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге (бұрын он жылдан он бес жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделген»,-делінген заң жобасының қорытындысында.

Бұдан бөлек, есірткілерді таратқаны үшін жауаптылықты күшейту мақсатында мүлікті тәркілеу түріндегі санкция да қолданылады.

 

Сауранда жаңа жұмыс орындары ашылды

0

Қарашық ауылында жаңа тігін цехы ашылып, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Цехтың ашылуына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Абдығаппарқызы, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран ауандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мақсат Таңғатаров цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.

Облыстық мәслихат депутаты Инара Абдығаппарқызы жаңа цехтың ашылуы облысымыздағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, бұл секілді бастамаларды қолдауға дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар, өндіріс орындары ашылу арқылы қолөнер саласында да жаңа мүмкіндіктер туындайтынын жеткізді.

Жаңа тігін цехы жергілікті тұрғындар үшін тек жұмыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аймақтың дамуына оң әсер ететін жоба болмақ. Цех жұмысының алғашқы кезеңінде 20 адам тұрақты жұмысқа алынды, ал алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейту жоспарлануда.

7 жасар баланы автобус басып кетті

0

Алматы қаласының кіреберісінде орналасқан «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің аумағында оқушыны автобус басып кетті, деп жазады kaz.inform.kz.

Оқиға салдарынан 7 жасар бала қайтыс болды. Бұл деректі Алматы облысының Полиция департаменті растады.

“ 27 қарашада JAC автобусының жүргізушісі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің тұрақ аумағында артқа жүрген кезде 7 жасар баланы қағып кеткен. Ол алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр”, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Құтқарушының абайсыздығы қайғылы жағдайға соқтырды

0

Атырауда «Мұнайшы» бассейнінде жасөспірім қыздың қаза болуына қатысты іс бойынша сот үкім шығарды, деп жазады tengrinews.kz.

Еске салайық, биыл жазда 10 жастағы қыз орталық «Мұнайшы» бассейнінде суға батып кеткен болатын. Сот процессуалдық келісім аясында бала өліміне себепші болған адамды абайсызда өлімге әкелу бойынша кінәлі деп таныды. Қылмыстық іс ҚР ҚК-ның 306-бабы 3-бөлігі –

«Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша қаралды. «Мұнайшы» спорт кешенінің құтқарушысы өзіне жүктелген қауіпсіздік талаптарын сақтамай, 10 жастағы қызды ересектерге арналған бассейн залына өткізіп жіберген. Қыз тереңдігі 5,5 метр болатын қауіпті аумақта жүзген. Жүзуді білмегендіктен, қыз суға батып кеткен. Құтқарушының немқұрайлылығы мен төтенше жағдайларда көмек көрсету бойынша қауіпсіздік талаптарын орындамауы кәмелетке толмаған қыздың абайсызда қаза болуына әкеп соқтырған», – делінген Атырау қалалық сотының шешімінде.

Прокурор мен айыпталушы арасында кінәні мойындау туралы процессуалдық келісім жасалған. Жәбірленуші тарап келісім шарттарына келіскен.

«Үкім тараптардың келісімі негізінде барлық жеңілдететін жағдайларды ескере отырып шығарылды. Айыпталушы ҚР ҚК-ның 306-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. ҚР ҚК-ның 63-бабын қолдана отырып, жаза шартты түрде тағайындалды», – деп мәлімдеді № 2 Атырау қалалық соты.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Қазақстан мен Өзбекстан туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

0

Ташкент халықаралық туристік жәрмеңкесі аясында Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасында туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған 3 меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Меморандум Алматы облысының туризм басқармасымен Ташкент және Джизак облыстарының тиісті ведомстволары арасында жасалды.

Мұнымен бірге, Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығы мен Өзбекстан аспазшылар қауымдастығы арасында ынтымақтастық орнады.

Аталған меморандумдар өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіруге ықпал етпек. Яғни, туристер санының артуы мен оларға көрсетілетін қызметтер сапасының жақсаруына және гастрономиялық туризмнің дамуына серпін бермек.

Қазақстанда ауылшаруашылық дрондары жиналады

0

Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ауыл шаруашылығында агродрондарды қолдану тәжірибесін қолдану мен кеңейтудің тиімділігі қаралды, деп хабарлады KAZINFORM.

Әлемнің 100-ден астам елінде ауылшаруашылық дрондарын қолданудың халықаралық тәжірибесі жерүсті бүріккіш-техниканың орнына ұшқышсыз ұшатын аппараттарды пайдаланудың елеулі артықшылығын көрсетеді. Бүгінде дүние жүзінде агродрондардың көмегімен 500 млн гектардан астам егістік өңделді. Суды үнемдеп жұмсау есебінен әлем бойынша шамамен 210 млн тонна суды үнемдеуге, СО2 эмиссиясын 25 млн тоннаға қысқартуға мүмкіндік туды.

Ауылшаруашылық дрондары жетуі қиын жерлерді өңдеп, зерттеуге мүмкіндік береді. Олар кез-келген ауа-райында, тәулік бойына, жаңбыр кезінде және түнде де жұмыс істейді.

«Мысалы, өздігінен жүретін бүріккіш гектарына 150 литр су жұмсайды, 5 мың гектарға шамамен 750 мың литр су қажет. Ал, дронға дәл осындай аумақты өңдеу үшін 50 мың литр қажет, ол 15 есе аз. Сонымен қатар жұмыс кезінде өздігінен жүретін бүріккіш сорап құрылғыны басып кетеді, бұл фермерге өнімнің шамамен 6%-ын жоғалтуына әкеледі. ҰҰА дақылдарға мұндай зиян келтірмейді», — деді кеңесте агродрондарды пайдаланатын компанияның өкілі Санжар Нұрғазинов.

Қазақстанда өсімдіктердің зиянкестері мен қауіпті ауруларын зерттеу және емдеу үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануды кеңейту мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі қытайлық Eavision компаниясымен 80 агродрон әкелуге арналған меморандумға қол қойды. Бұл ҰҰА ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер арасында сатылатын болады. Бұдан басқа, «Sunkar eavision International LLP» ЖШС Бірлескен қазақстан-қытай кәсіпорны құрылды, ол «Алатау» ақпараттық технологиялар паркі АЭА аумағында отандық дрондарды жинауды жүзеге асырады.

Қазақстандық теннисшілер Мысырдағы турнирдің ширек финалына шықты

0

Қазақстандық теннисшілер жұптық сында Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің ширек финалына шықты, деп жазды KAZINFORM.

Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Сандуғаш Кенжебаева мен чехиялық Ивана Себестова бастапқы матчта болгариялық Ива Иванова – словениялық Эла Нала Миличті оңай жеңді – 6:1, 6:2.

Қазақстандық-чехиялық жұп жартылай финалға шығу үшін ресейлік Полина Кайбекова – грузиялық Зозия Кардавамен таласады.

Қазақстандықтар Асылжан Арыстанбекова – Аружан Сағындықова алғашқы айналымда ресейлік Марианна Шиханова – мысырлық Хамс Метвалиді жолдан тайдырды – 6:1, 6:3.

Асылжан мен Аружанның ширек финалдағы қарсыластары – ресейліктер Софья Гапанькова мен Ксения Ерш.

Трамптың жаңа кітабы сатылады

0

АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп өзінің «Американы құтқару» атты жаңа кітабының сатылымға шыққанын хабарлады. Туындыда ол өзінің мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы төрт жылын және Ақүйдегі алдағы мерзімі туралы ойын жазған, деп хабарлайды Goa Chronicle.

 

Кітаптың бағасы 99 доллар. Ал автордың қолы қойылған көшірмесін 499 долларға сатып алуға болады. Кітап республикашылдың биліктегі алғашқы төрт жылындағы «бұрын-соңды болмаған көзқарасы» мен оның келесі мерзімге деген көзқарасын ашып көрсетеді және Трамптың бірінші әкімшілігінің «маңызды сәттерін» қамтиды.

 

— Әлемдік көшбасшылармен жоғары деңгейдегі тарихи кездесулерден бастап Ақүйдің ашық көріністеріне дейінгі әрбір фотосуретті президент Трамп өзі таңдады, бұл оның президент ретіндегі келесі төрт жылын не анықтайтыны туралы түсінік береді, — делінген кітап сипаттамасында.

 

2016 жылғы сайлаудан кейін президент қызметін атқарған Дональд Трамп биылғы жылдың 5 қарашасында өткен президент сайлауында жеңіске жетіп, 19 ғасырдағы төрт жылдық үзілістен кейін Ақүйге оралған АҚШ-тың алғашқы көшбасшысы атанды.

 

Штаттардың сайлаушылар алқасы сайлаушылар еркіне 17 желтоқсанда дауыс береді, ал жаңа Конгресс 2025 жылдың 6 қаңтарында нәтижелерді растайды. Ұлықтау рәсімі келесі жылдың 20 қаңтарында өтеді.