Home Blog Page 169

Ел бірлігін нығайту бағытында семинар-кеңес өтті

0

Түркістан облысында этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен елдің ынтымағын нығайту, отаншылдықты дәріптеу, этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша семинар-кеңес өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары, қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасарлары, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» КММ-нің филиал басшылары мен қалалық және аудандық ішкі саясат бөлімдерінің басшылары қатысты.

 

Жиында медиация саласындағы жұмыстарды жетілдіру, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын өткізу жайы талқыланды.

 

Облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов қоғамдық-саяси ахуал және этносаралық мәселелердің алдын алу бойынша баяндама жасап, алдағы жоспарларды пысықтады. Одан кейін облыс аумағындағы медиация саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенованың баяндамасы тыңдалды.

 

Семинар-кеңесте атап өтілгендей, ҚХА-ның 30 жылдығына орай өңірде қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің жылдық жоспарларында белгіленген 400-ден астам іс-шара өткізу көзделген.

 

Басқосуда қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды атқару керектігі баса айтылды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, халықты игі істерге жұмылдыру қажет екенін жеткізді. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату алдағы уақытта атқаратын жұмыстың басым бағытына айналуы тиіс екеніне тоқталды.

 

Жиын қорытындысына сай өзекті мәселелер бойынша жауапты сала жетекшілеріне жұмысты күшейту тапсырылды.

Түркістанда жаңа қойылымның тұсауы кесілді

0

Түркістан музыкалық драма театрында жаңа қойылымның тұсауы кесілді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістанда Түркістан музыкалық драма театрының жас әртісі Мұзафар Ғалымжанұлының алғашқы спектаклі көрерменге жол тартты. «Жалдамалы пәтер» қойылымының премьерасына жиналған көрермен нәзік сезімге негізделген шығармашылық әлеммен танысты.

 

Қойылымның көтерер тақырыбы да өзекті. Тіршіліктің қамытын киіп, күнделікті күйбеңмен жүрген қаншама жан бәз біреудің босағасында пәтер жалдап күн кешуде. Жалдамалы пәтер жанға сая бола ма? Ал егер ол үйден күтпеген жерден тағдырыңды жолықтырсаң ше? Жұмбақ жағдайда танысқан қыз бен жігіттің арасын өнерге деген құштарлық жақындата ала ма? Махаббат хикаясының әрі қарай қалай өрбитінін театрдан тамашалауға болады.

 

Басты рөлдерде Қадыржан Төреханов, Аяжан Жұмабек, Досымжан Арқабеков, Аида Серикова, Темірлан Еркінғалиев, Ақ-Сұлтан Әнуарбек, Ұлан Әділбек, Мейіржан Тұрсынов, Ақбала Ыбырайқызы, Болатбек Оспан, Мерей Құдайберген сынды театрдың әртістері ойнайды.

 

Қойылымның композиторы – Ербол Нариманұлы, көркемдік жетекшісі – Мадина Мұратпекова. Авторы әрі режиссері – Мұзафар Ғалымжанұлы.

 

Музыкалық драма мен комедия жанрларын ұштастырған қойылым 19 қаңтар күні де саханаланады. Билеттер тикетон сайтында және театр кассасында сатылады. Байланыс нөмірі: +7 707 145 17 17

 

Тарихи-өлкетану музейінің жұмысын жандандыру жолдары қаралды

0

Бір ғасырдан астам тарихы бар облыстық тарихи-өлкетану музейін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аралап көрді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Облыс әкімінің орынбасарына музейдегі этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, экспозиция залдары таныстырылды.

 

Ертай Кенжебекұлы өңірдің тарихи-мәдени әлеуетін көтеріп, жас ұрпақты тәрбиелеуде мұражайлар мен кітапханалардың, ондағы жәдігерлер және кітап қорын көбейту ісі үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қажеттігін баса айтып, музейге жастарды көптеп тарту керектігін жеткізді.

 

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі – өлкеміздің мәдени дәстүрі мен бай тарихи мұрасын сақтаушы және рухани – идеологиялық тәрбие беретін мекеме.

 

Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1920 жылы құрылған. Биыл музейге 105 жыл толып отыр. Музей 2 қабаттан және Табиғат және археология, Этнография, Қазақстан тарихы және жаңа заман залы, Тәуелсіз Қазақстан атты 4 экспозициялық залдан тұрады.

 

Мәдени ошақтың қоры да құнды, тарихи жәдігерлерге өте бай. Қазіргі таңда жалпы жәдігерлер саны – 83 154. Оның ішінде қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының қылышы және де тағы басқа құнды, тарихи коллекциялық жәдігерлері бар.

 

Бүгінгі таңда облыс аудандарында музейдің 7 филиалы халыққа қызмет көрсетуде. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында С.Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі, Ескі Иқан ауылындағы Міртемір әдеби-мемориалдық музейі, Қарнақ ауылындағы Шәммет Ишан музейі, Түлкібас, Сарыағаш, Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейлері және де Сайрам ауданындағы Ардақты ана музейі бар.

 

Түркістан облысында негізгі индикаторлар орындалды

0

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысында 2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасы сақталды. Алдын ала есеп бойынша ЖӨӨ көлемі 4,9 трлн теңгені, ал қысқа мерзімді экономикалық өсім 111%-ды құрады (РК 106,2%). Мемлекет басшысының экономикалық өсімді 6%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес, 12 айдың қорытындысымен көлік және қоймалау және ауыл шаруашылығынан басқа көрсеткіштерге толық қол жеткізілді.

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде экономикалық өсімді молайту жолдары қаралып, тиісті тапсырмалар берілді.

 

– Аудан, қала әкімдері және басқарма басшыларына 2025 жылға белгіленген көрсеткіштердің уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Негізгі индикаторлардың орындалуы тоқсан сайын аппараттық мәжілісте талқыланады. Рейтингте соңғы 3 орында тұрған аудан әкімдерінің тәртіптік жауапкершілігін қарау бойынша ұсыныс енгізілсін. Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, өндіріс орындарын ашу бағытында жұмысты жандандырыңыздар. Нақты іске көшу керек, – деген Нұралхан Көшеров көрсеткіші төмен аудан, қала әкімдеріне, жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпе айтып, тиісті міндеттер жүктеді.

 

Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің айтуынша, Өнеркәсіп өнім көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өсім 110,1% деңгейінде қалыптасқан. Өңдеу өнеркәсібі өнімі нақты 585,4 млрд теңгені құрап, 13,1%-ға артқан. Ауыл шаруашылығы өнім көлемі 1 трлн, 83 млрд теңгені құрап, өсім 106,9% деңгейінде қалыптасқан. Бұл көрсеткіш бойынша өңір республикада көш басында тұр. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 1,3 трлн теңгеге жетіп, 1,4 есе артығымен орындалды. Құрылыс жұмыстары көлемі 536,2 млрд теңгені құрап, 1,3 есеге артты. Межеге толығымен қол жеткізілген.

 

Облыс әкімінің тапсырмасымен 2025 жылға аудан, қалалардың экономикалық даму өсімін қамтамасыз ету бойынша жоспар әзірленуде. Сонымен қатар берілген тапсырмаға сәйкес әлеуметтік-экономикалық даму индикаторлары бойынша рейтингтік бағалау тұрақты жүргізіліп келеді.

 

Апталық мәжілісте өңірде Президент тапсырмаларының орындалу барысы туралы аппарат басшысының орынбасары Әділ Бектұрғановтың баяндамасы тыңдалды. Облыс әкімі тарапынан жауапты басшыларға тиісті міндеттер жүктелді.

Түркістанда жалпықалалық сенбілік өтті

0

Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жалпықалалық сенбілік өтті. Ауқымды шараға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, әкімдік қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысты.

 

«Түркі елдерінің рухани астанасына айналған Түркістанымыздың гүлденуі қала тұрғындарының біріге еңбек етуіне де тікелей байланысты», деген қала басшысы тазалыққа атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

 

Тазалық жұмыстарына қатысушылар саябақтар мен алаңдарды, арық-атыздар мен көшелерді қоқыстардан тазартты. Сенбілік белсенділері әрбір қала тұрғыны өз ауласын таза ұстау қажеттігін жеткізді.

 

Шараға 500-ге жуық түркістандық қатысып, 30-ға жуық техника жұмылдырылды. Қоқыстар арнайы полигондарға жеткізілді.

 

Айта кетейік, облыс аумағында сенбілік жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Биыл бағдарлама аясында 7300-ге жуық тазалық іс-шарасын өткізу жоспарланған.

Израиль ХАМАС-пен Доха келісіміне қол қойғанын растады

0

QULAGER.KZ. Израиль премьер-министрінің кеңсесі делегациялар Дохадағы келіссөздер кезінде атысты тоқтату туралы келісімге қол қойғанын ресми түрде растады, деп хабарлайды ВВС. 

 

Премьер-министр Нетаньяху кеңсесінің хабарлауынша, Израиль үкіметі келісімді талқылап, оны сенбіден ерте емес бекіте алады.

 

Нетаньяху кеңсесі бұған дейін ХАМАС соңғы сәтте бірқатар келісімдерден бас тартып, келісімге жаңа тармақтар енгізуге тырысқаны себебімен Израиль үкіметі ХАМАС-пен атысты тоқтату келісімін мақұлдау үшін дауыс бере алмайтынын мәлімдеді.

 

Израильдің рұқсатынсыз келісім күшіне енбейді. Премьер жұма күні келісім бойынша дауыс беру үшін әскери кабинетін жинайды.

 

Дегенмен, ХАМАС-пен келісімді үкіметтің толық құрамы мақұлдауы керек, ал Нетаньяхудың баспасөз қызметінің хабарлауынша, олар сенбі кешінен ерте кездесе алмайды.

 

— Мәмілеге қарсылық білдіргендерге Жоғарғы сотқа өтініш жазу үшін 24 сағат уақыт беру керек, ал жұма күнгі күндізгі сессиядан кейін олардың уақыты жетпейді, өйткені көпшілігі діндар және шаббат сақтайды, — деп келтірді Times of Israel Нетаньяху баспасөз қызметінің түсініктемесін.

Енді жемқорлар жайлы мәліметтер жария болады

0

Мәжілісте сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілетін өзгерістер мен түзетулер таныстырылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түзетулердің бірі – ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандардың тізімін ашық жариялау.

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, тізімге тек нақты айыптау үкімі шыққан адамдардың есімін енгізу ұсынылып отыр.

 

«Ал заңды күшіне енген ақтау үкімі және соттылықтың өтелуі адамды тізімнен шығаруға негіз болады. Тізілім агенттіктің сайтында орналастырылады және оны агенттіктің өзі жүргізіп отырады»,-деді Сарқұлов мәжілістің бүгінгі отырысында.

 

Депутаттар бастаманы қолдаса, тізімді жүргізу тәртібі әзірленеді. Соның негізінде ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар үшін сотталғандардың тізімі жасалады.

 

Тізілімде көрсетілетін мәліметтер:

  1. тегі, аты, әкесінің аты;
  2. сыбайлас жемқорлық қылмыс жасалған уақыттағы жұмыс орны мен лауазымы;
  3. сыбайлас жемқорлық қылмыс құрамы;
  4. айыптау үкімінің деректемелері;

5.жаза түрі.

 

«Ұлттық кітап» байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды

0

«Ұлттық кітап» республикалық байқауына қатысуға өтінімдерді қабылдау басталды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Байқау Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық кітап күні» мерекесіне орай өткізіледі.

Байқаудың негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, үздік авторларды анықтап, қазақ әдебиетінің, руханиятының дамуына ықпал ету. Аудармашыларды, баспагерлер мен кітап дизайнерлерін қолдау және ынталандыру.

Байқау келесі 10 номинация бойынша өтеді:

1) Балаларға арналған үздік кітап

2) Үздік комикс

3) Нон-фикшн жанрындағы үздік кітап

4) Детектив жанрындағы үздік кітап

5) Сатира жанрындағы үздік кітап

6) Үздік илюстрациялық кітап

7) Үздік аударма кітабы

8) Фантастика жанрындағы үздік кітап

9) Үздік баспа

10) «Жыл кітабы» Гран-при сыйлығы

Конкурсқа кейінгі екі жылда жарық көрген туындылар қабылданады. Қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін түскен жұмыстар тіркелмейді.

Байқауға жұмыстар 2025 жылғы 15 қаңтар – 1 сәуір аралығында қабылданады.

Байқауға өтінім беру туралы толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады: +7 775 897 7788, +7 727 397 61 15.

Айта кетсек, Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа мереке – «Ұлттық кітап күні» бекітілді. Мереке алғаш рет 23 сәуірде атап өтіледі.

 

Енді тұрғын үйді жекешелендіруге болады

0

Түркістан қаласы әкімдігінде тұрғын үй заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері туралы баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Онда қала әкімінің орынбасары Төлегенов Талғат пен тұрғын үй бөлімінің басшысы Үсенбаев Талғат баяндама жасап, Түркістан қаласындағы халықты тұрғын үймен қамту, заңдағы жаңа өзгерістердің жүзеге асуы барысын кеңінен түсіндірді.

 

Бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар саны – 16579. Оның ішінде: әлсіз топ – 6417, көп балалы отбасы – 5030, бюджеттік мекеме қызметкерлері – 4963, тұл жетім – 166, апатты үй иелері – 3.

 

Былтыр жалпы 961 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл тұрғын үйге мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 944 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.

 

Биыл 22 қарашада Мемлекет Басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

 

Жаңа Заңға сәйкес, 2025 жылдың 24 мамырынан бастап санатына қарамастан, соңғы 5 жылда атында тұрғын үйі жоқ азаматтар тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндігіне ие бола алады.

 

Сондай-ақ Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендiру туралы қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл қағидаларға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй қорынан өздері тұратын тұрғын үйлерді меншігіне өтеусіз бірқатар санаттаға азаматтар ала алады. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші және екінші топтағы мүгедек адамдар, Чернобыль атом электр станциясындағы апаттан, басқа да радиациялық аппатан зардап шеккен адамдар, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтары, Арал маңындағы экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтары, әскери қызметкерлер немесе арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметкерлер, ғарышкерлер мен саяси қуғын-сүргін құрбандары.

 

Ал бұл санаттарға кірмейтіндер, қалдық бағалау құнынан алғашқы жарнасы — 30%-ын төлеп, қалған сомманы 10 жылға бөліп төлеу арқылы жекешелендіре алады.

 

Сонымен қатар қазіргі таңда қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізілуде, нәтижесінде жоғарыда аталған санаттарға кірмейтіндерге қалдық бағалау құнынан алғашқы 10% жарнаны төлеп, қалған бөлігін 15 жылға бөліп төлеу арқылы жекешелендіруге мүмкіндік береді.

Биыл 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынады

0

QULAGER.KZ. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064 жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр. Бұл жөнінде ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.

 

2024 жыл Қазақстанның тұрғын үй саясаты үшін бетбұрыс кезеңі болды. Қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. «Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады.

 

Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді. Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім балалар және т.б.

 

Әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды. Одан бөлек, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды.

 

«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылы 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартты. 64 мыңға жуық отбасын қолдауға 1 трлн теңге бөлген. Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады. 2025 жылы елімізде 19 млн шаршы метр немесе 175 мың тұрғын үй, 2029 жылға қарай 111 млн шаршы метр салу жоспарлануда.