Home Blog Page 168

Райымбек Сейтметов театры Үндістан елінің құрметіне бөленді

0

Райымбек Сейтметов театры Үндістан елінде өнер көрсетіп жатыр, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «Би-Сұлтан» би ансамблі Үндістан елінің бірнеше қаласында өнер көрсетіп жатыр. Үндістандық көрермен қазақ өнері мен мәдениетіне тәнті болып, құрмет көрсетуде. Бұл жайлы үнді баспасөз беттерінде жарыса жазылып, насихатталып жатыр.

 

Айта кетейік, 18-28 қаңтар күндері аралығында Қазақстанның мәдениеті мен өнерін насихаттау мақсатында арнайы гастрольдік сапар жоспарланған. Он күн бойы өнер көрсетуге Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры жанынан құрылған «Тарлан» музыкалық-аспапты ансамблі мен Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттерінен құралған «Би-Сұлтан» би ансамблі жолға шыққан болатын.

Балық шаруашылығы өркендеп келеді

0

Ордабасыда балық өсіру шаруашылығы өркендеп келеді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Шұбар ауылының іргесіндегі «Арыс» өзенінің жағасында жұмыс істей бастаған «АҚ ОРДА Б» ЖК-нің өңірде балық өсіру шаруашылығы өркендеп келеді.

 

Жалпы аумағы 4,5 гектар. Оның ішінде 1,3 га жерге тоған қазылып, 20 мың сазан шабағы жіберілген. Жоба құны – 20 млн теңге. Жылына 60 мың тонна сазан шабақтарын өсіріп отырған шұбарлық кәсіпкер Бақытжан Бекбосынов осы кәсіпке ден қойған. Келесі жылдан бастап өз өнімін нарыққа шығаратын ол жергілікті үш азаматты тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

 

Кәсіпкердің айтуынша, тәжірибелік тұрғыда және өзге де бағыттарда кәсіпкерлерге жергілікті әкімдік тарапынан тиісті деңгейде көмектер ұйымдастырылуда. Бүгінде кәсіпкер тағы 3,0 га жерге тоған қазуды жоспарлауда.

 

Айта кетсек, қазіргі таңда Ордабасы ауданында балық өсіру саласы кең өріс алып келе жатыр.

Автожолдарға бекеттер қойылды

0

Түркістан облысында ауа райының өзгеруіне байланысты жолдарға бекеттер қойылды, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Бұл туралы Түркістан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Қанат Ракишев мәлімдеді.

«Түркістан облысында қыс мезгіліндегі түрлі апаттардың алдын алу бойынша көлік қозғалысын тоқтату үшін уақытша бекеттер қойылды. Оның ішінде,  республикалық маңызы бар жолдарға 5 бекет қойылып, 28 қызметкер мен 8 қызметтік автокөлік жұмылдырылды. Ал, облыстық маңызы бар жолдарға 2 бекет қойылып, 8 қызметкер мен 4 қызметтік автокөлік тартылды. 21 қаңтардан бері Түркістан облысы полиция департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері республикалық манызы бар «Шымкент–Тараз» автожолында тәулік бойы қызмет атқаруда. Бұдан бөлек, қазіргі таңда облыстан Тараз қаласы бағытындағы жолдар да толық жабық. Оның ішінде, «Машат», «Шақпақ баба» асуы, Түлкібас және Сайрам аудандарында ішкі жолдарда полиция органдарының 28 қызметкері жолдарды жабу бойынша жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар, Бәйдібек және Созақ аудандарындағы ішкі жолдар жабылған. Ауа-райының жақсаруына дейін тұрғындарды көлікпен алыс жолға шығудан бас тартуға шақырамыз»,- деді Қанат Жұмаханұлы.

Брифингке қатысқан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұрлыбек Рахымбердиевтің сөзінше, автожолдарда апатты жағдайларды болдырмау мақсатында 40 техника жұмылдырылған. Сонымен қатар, жолдарды қардан тазарту үшін 192 бірлік техника жұмыс атқаруда.

«Қазіргі таңда ауа-райының нашарлауына байланысты Созақ ауданындағы жолдарда қалып қойған 3 жүк автокөлігінен 2 адам, Төлеби ауданындағы жолдарда қалып қойған 2 жеңіл автокөліктен 7 адам құтқарылды. Бүгінде облыс аумағында қажет болған жағдайда қолданылатын 2 трассалық  медициналық-құтқару пункті бар. Сонымен бірге, 11 стационарлық жылыту пункті дайындалып, 8 жылжымалы жылыту бекеті вахталық автобустардың негізінде жасақталды»,- деді Нұрлыбек Шерахметұлы.

Сонымен қатар, брифингте облыстық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары азаматтық қорғау капитаны Жасұлан Айнабек биыл өңірде 22 өрт оқиғасы орын алғандығын айтты. Олардың ішінде қайтыс болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Ал, 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымында тұрғын үйлерде қазіргі кезге дейін 134 өрт  тіркеліп, 3 адам жарақат алып, 1 адам қаза тапқан. 2025 жыл басталғалы улы газдан улану жағдайы тіркелмеген

Түркістан қаласында жаңа ғимараттар бой көтереді

0

Түркістан қаласында жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтереді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Түркістан қаласында жаңа ғимараттар мен нысандар бой көтереді. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер, білім нысандары, бизнес орталықтары мен демалыс аймақтарының құрылысын жүргізу жоспарланған. Әр ғимарат сәулетшілердің мақұлдауынан кейін ғана салынуы тиіс. Бұл мәселені Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың бақылауында. Сәулеттік жобалар талқыланған мәжілісте 14 жаңа жоба таныстырылып, сәулетшілер мен жауапты басшылардың сараптауынан өтті.

Сәулеттік кеңеске жауапты басқарма басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар және сәулет, құрылыс саласының өкілдері қатысты. Өңір басшысы әрбір жобаны терең зерделегеннен кейін ғана кеңес отырысына ұсыну керектігін айтты. Сондай-ақ құрылыс сапасын басты назарда ұстауды ескертті.

– Түркістан қаласында жаңа нысандардың салынуы жалғасады. Шаһарды туризмнің тартылыс нүктесіне айналдыруға мүмкіндік бар. Жаңа нысандар салу, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бастамаларын қолдаймыз. Басталған іс аяқталуы тиіс. Ғимараттардың сәулетіне қатысты талаптар толық сақталуы тиіс. Көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына мән беру керек. Бізге әлеуметтік тұрғыда тиімді, елге қызмет ететін ірі жобалар қажет, – деді облыс әкімі.

Мәжілісте қаланың Мәдени-рухани орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан жобалардың жұмыс барысы баяндалды.  Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.

Шетелдіктер Отандық мақта сортына қызығушылық танытты

0

Тәжікстан Республикасы, Соғды облысы, Бабоджон Гафуров ауданының делегациясы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

Делегацияны аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров күтіп алып, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктермен және мақтааралдықтардың тәжірибесімен бөлісті.

Ең алдымен қонақтар «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС-інде болып, оларға мекеме басшысы Амандық Қостаков тәжірибе стансасындағы зерттеу  жұмыстарымен кеңінен таныстырды. Мұнда селекция және тұқым шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, мақтаның М-4011, М-5027 жаңа сорттары туралы, сорттардың артықшылықтары мен өнімділігі туралы кеңінен мәлімет берілді. Қонақтар қазақстандық сорттарға үлкен қызығушылық танытып, туған жері Соғды облысында 100 гектардан астам жерге егуге ниет білдірді.

Мұнан соң делегация «Төрткүл-7» шаруа қожалығына барып, қожалықтың ауыл шаруашылығында қолданылатын техникаларымен танысты. Қожалыққа тиесілі «Джон дир» комбайны, «Беларусь 80», «Беларусь 95» тракторлары, «Elvorti» культиваторы және 4 дана трактор тіркемесі бар. Аудан әкімінің орынбасары ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бойынша мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен лизингтер туралы кеңінен ақпарат берді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауданда ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын жаңарып жатқанын атап өтті.     

Ауданның индустриалды аймағынан жақында ғана Орталық Азияда бәсекеге қабілетті «Жанасыл» мақта өңдеу зауыты ресми түрде іске қосылған болатын. Делегация мүшелері жаңа кәсіпорынның жұмысымен де танысты.

Кәсіпорын 150 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтып, тәулігіне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Одан бөлек, күніне 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Зауыт қазіргі таңда шитті мақтаны өңдеп, одан мақта талшығын, мақта шитін, мақта линтін және улюк өнімдерін шығарып, тікелей Қытай, Түркия, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан және Еуропа елдеріне экспорттауда. Дәл осындай кәсіпорынды жеке кәсіпкер Қабыл Боев іске қосқан болатын.  Құны 3 миллиард теңгені, қуаттылығы 60 мың тоннаны құрайтын мақта талшығын өңдейтін зауытта 80 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған.

Тәжікстандық қонақтарға аудандағы тамшылатып суғару технологиясын ендіру шаралары да көрсетілді. «Хамро ата» ауы шаруашылығы өндірістік кооперативі өткен жылы 310 гектар алқапқа мақта дақылын тамшылатып суғару технологиясы арқылы егіп, 1 гектардан 58-60 центнер (ауданның орташа өнімділігі 26,2 центенрді құрауда) өнім алған болатын. Жаңа технологияның арқасында ағын су көлемі біршама үнемделіп, өнімділіктің көлемі 2-2,5 есеге артты. Сонымен қатар тамшылатып суғару технологиясын енгізгені үшін шаруа қожалығына мемлекет тарапынан кеткен шығынның 80%-ы субсидия ретінде өтелді. Орта Азия үшін ағын су мәселесі өзекті болып жатқан қазіргі уақытта қазақстандықтардың жаңа технологияға бет бұрыс жасап жатқанына тәжік делегациясы оң бағасын берді.

Түркістанда апта сайын азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп жатыр

0

Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның бастамасымен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп жатқан жәрмеңкелер бағаны тұрақтандыруға тікелей ықпал жасауда.

Түркістан қаласында апта сайын азық-түлік тауарлары жәрмеңкесі өткізіліп келеді. Кезекті жәрмеңке «Turan Mall» ойын-сауық орталығының алаңында ұйымдастырылды. Келген халықтың қарасы қалың болды. Тұрғындар мүмкіндіктен қалыс қалмай, күнделікті тұрмысқа қажет өнімдерді тиімді бағада алғандары үшін ризашылығын білдірді.

Жәрмеңкеде жалпы 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар төмен бағада ұсынылды. Атап айтқанда, картоп пен сәбіз – 100 теңгеден, қырыққабат – 55 теңгеден, пияз – 77 теңгеден, нан бөлкесі – 70 теңгеден, жұмыртқа данасы – 40 теңгеден сатылды. Бұдан бөлек, аз тұзы – 45 теңгеге қолжетімді болса, І сұрыпты бидай ұны – 190 теңге, қарақұмық жармасы – 220 теңге, сүт – 260 теңге, күнбағыс майы – 520 теңгеден саудаланды.

Аталған корпорацияның өкілі Лаура Жанасбаеваның айтуынша, қазіргі таңда ішкі нарықта картоп бағасының қымбаттауы өзекті мәселе болып тұр. Дегенмен Түркістан өңірінің азық-түлік тұрақтандыру қорында көкөністер де, бакалеялық өнімдер де жеткілікті. Бағасы шарықтап тұрған картоп 3 есе арзан бағада халыққа ұсынылып жатыр. Сөрелерді бос қалдырмау мақсатында қордағы өнімдер базарлар, ірі сауда орындары, әлеуметтік дүкендер мен бұрыштарға тұрақты түрде жеткізіліп, арнайы бекітілген бағада сатылуда.

Айта кетейік, бұл бір реттік шара емес. Алдағы уақытта да жалғасады. Тұрақтандыру қорының тауарлары базарларға шығарылса, көшпелі жәрмеңкелер апта сайын өткізілуде.

Өңірлік туризмді дамыту мәселелері талқыланды

0

ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың төрағалығымен министрліктің кеңейтілген аппараттық кеңесі өтті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Жиынға министрлік өкілдері, өңірлік туризм саласына жауапты басқарма басшылары және ведомствоға бағынысты ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Кеңесте туризм саласының негізгі көрсеткіштер тыңдалып, отандық туризм саласының даму бағыттары мен өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.

Ербол Мырзабосынов туризм индустриясындағы оң өзгерістерді атап өтіп, ішкі және сыртқы туристік ағынның тұрақты өсіп келе жатқанын жеткізді. Мәселен, былтырғы 9 айдың көрсеткіші бойынша ішкі туристер саны 562 мыңға көбейіп, 6 млн адамға жетті. Шетелдік туристер легі 11,5 млн адамды құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткішпен салыстырғанда екі есе көп. Оның ішінде 969 мың шетелдік орналастыру орындарына тоқтаған.

«Былтыр Мемлекет басшысы отандық туризмді дамыту мәселесіне арналған арнайы кеңес өткізген болатын. Сол жиында Президент туризмді дамыту жөнінде бірқатар тапсырма берген еді. Бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – Президент тапсырмаларының орындалу барысын және өңірлік туризмнің мәселесін талқылау», – деді министр.

Кеңесте өңірлерде кездесетін өзекті мәселелер көтеріліп, олардың шешу жолдары қарастырылды. Әсіресе, туристік инфрақұрылымды дамыту, жаңа бағыттарды ашу, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы кәсіпкерлікті ынталандыру сияқты мәселелерге ерекше назар аударылды.

Жиын қорытындысы бойынша еліміздің туристік әлеуетін арттыру, инвестиция тарту және халықаралық нарықтағы Қазақстанның беделін нығайту мақсатында нақты тапсырмалар берілді.

Қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі

0

Қазақ спортшылары өткен аптада біршама жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Универсиада: Италияның Турин қаласында өтіп жатқан XXXII қысқы Универсиаданың алғашқы аптасында Қазақстан студенттері 11 (3 алтын, 4 күміс, 4 қола) жүлде еншіледі.

Семсерлесу: Бахрейннің Манама қаласында өткен семсерлесуден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогінің командалық сайысында Қазақстан құрамасы алтын медаль еншілесе, жекелей сында Ғабиден Мұстафин қола жүлдеге ие болды.

Әйелдер күресі: Францияның Ницце қаласында ұйымдастырылған Henry Deglane Гран При турнирінде Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова (76 кг) мен Гүлдана Бекеш (59 кг) топ жарды.

Үстел теннисі: Тунисте өткен үстел теннисінен WTT Youth Star Contender Tunis турнирінде Алан Құрманғалиев қола медаль иеленді.

Колумбияда қарулы қақтығыста 80 адам қаза тапты

0

Норте-де-Сантандер департаментінде Ұлттық азат ету армиясы (ELN) мен Колумбияның революциялық қарулы күштерінің (FARC) бұрынғы мүшелері арасындағы шайқаста 80 адам қаза тапты, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Норте-де-Сантандер губернаторы Уильям Вилямизар журналистерге жағдайдың өте қайғылы күйде екенін мәлімдеген.

 

– 80-нен астам қаза тауып, 20-дан астам адам жараланды. Қақтығыс болған жерде бейбіт тұрғындар да болды, – деді ол.

 

Губернатор тез арада гуманитарлық дәліз құруға және әуеден қолдау көрсетуге шақырған. Себебі, тұрғындар өз үйлерінде қамалып отыр. Елді мекендер арасында жаппай көшу әрекеті басталған.

 

Вильямизардың айтуынша, 10 мыңнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Көптеген отбасылар, соның ішінде балалар мен жастар, кез келген мүмкіндікті пайдаланып, қақтығыс аймағынан қашып жатыр.

 

Қауіпсіздікке байланысты 20 қаңтардан бастап Кататумбо аймағындағы барлық мектептер жабылады.

 

Президент Густаво Петр қақтығыс аймағына барып, жергілікті шенеуніктермен және жоғары лауазымды әскери шенеуніктермен кездесті. Ол әскерлерге жедел түрде қоғамдық қауіпсіздікті қалпына келтіруді тапсырды.

 

ELN мен FARC-тың бұрынғы мүшелері арасындағы қақтығыс 16 қаңтарда кокаин плантациялары мен есірткі контрабандасының жолдарын бақылауға байланысты басталған.

 

Нұралхан Көшеров «Global Textile Group» жетекшісімен кездесті

0

Нұралхан Көшеров «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісімен кездесті, деп хабарлайды QULAGER.KZ.

 

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Global Textile Group» компаниялар тобының жетекшісі Музаффар Разаковпен кездесіп, мақта кластерін дамытуға бағытталған жобаның жүзеге асу барысын талқылады.

 

Өзбекстанның мақта-тоқыма кластерімен айналысатын ірі компанияларының бірі «Global textile» Түркістан облысының Мақтаарал ауданында тоқыма фабрикасы мен логистикалық орталық ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Шетелдік компания 2000-нан астам тұрақты жұмыс орындарын ұсынатын 5 ірі кәсіпорынды іске қосады. Жоба құны – 21 млрд.теңге.

 

«Global textile Turkistan» жобасы аясында логистикалық орталық, мақта өңдеу зауыты, тоқыма фабрикасы, бояу, иіру цехтары мен тігін фабрикалары іске қосылады. Жылдық қуаттылығы 13,8 мың тоннаны құрайтын мақта өңдеу фабрикасы салынады. Дайын өніммен ішкі нарықты қамтып, Еуропа мемлекеттеріне экспорттау көзделген. Өндірісте Швейцария елінің технологиясы қолданылады.

 

Фабрикаға қажетті инфроқұрылымдармен қамту үшін жол карта әзірленген. Облыс әкімі бірлескен жобалардың жоспарға сәйкес жүзеге асырылатынын, оның барысында әкімшілік тараптан жан-жақты қолдаудың жалғасатынын жеткізді.

 

Компания 2024 жылы «Наманган-77» тұқымдық шитін алып келді. Шаруалар тарапынан 3,2 мың гектар егістік алқабына мақта егіліп, мол өнімге қол жеткізілді. Сонымен қатар мақта дақылын қабылдау үшін жылдық қуаттылығы 10 мың тонна мақта қабылдау бекетінің құрылысын аяқтады.

 

Жергілікті шаруалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс атқарылуда. Өзбекстаннан арнайы агроном мамандары егу, жинау маусымында диқандармен тәжірибе алмасуда. Жоспарға сәйкес 2027 жылы тоқыма фабрикасы іске қосылады.

 

«Global textile» компаниясы – мақтадан иірілген жіп, мата және киім тігуге дейінгі кластерді толығымен қамтитын өндіріс алыбы. Қазіргі уақытта компанияның Ташкент пен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында барлығы 5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.